Токсаныншы жылдары бизнес неден басталды

Өткен жылы қалалық мәслихат депутаты Төлеген Әшімовтың басшылығындағы Қарағанды «Аспап» ӨК құрылыс фирмасы 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Кәсіпкер бизнестің тәуелсіз елде қалай пайда болғанын, ол кезде қандай қиындықтар туындағанын және қазір қандай мүмкіндіктер бар екенін жақсы біледі. Жалпы, бүгінгі күні Қарағанды өңірінің әрбір үшінші ересек тұрғыны шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді.

90-жылдардың басында облыста көптеген өндірістік кооперативтер ашылды. Гиперинфляция және тауар тапшылығы жағдайында алғашқы бизнесмендер саудамен айналысты. Уақыт өте келе кооперативтердің көпшілігі құлдырады, бірақ олардың арасында қиындыққа төтеп беріп, кәсібін дөңгелеткендер де болды.

Төлеген Әшімовтың айтуынша, бұрын жеке кооперативті ашу оңай болмаған екен. Маңызды негіздеме қажет болды.

«Аспап» ӨК қызметінің мысалында бизнестің 30 жыл ішінде қалай дамығанын байқауға болады. 90-жылдары компания Қарағандыдағы жылу жүйесін қалпына келтіріп, қызметін бастады. Арнайы жабдықталған және түрлі шағын нысандар салды. 2000 жылдары компанияға мектептер, тұрғын үйлер, өнеркәсіптік кәсіпорындар, жатақханалар салу тапсырылды. Жеті адамнан құралған «Аспап» қызметкерлерінің саны 500- ге дейін өсті.

Төлеген Әшімовтың пікірінше, кәсіпкерлікті дамытуға 2000 жылдары аса мән берілді.

— Дәл сол кезде заңнамалық база құрылды. Бизнес пен билік арасында диалог орнады, түсіністік пайда болды, – деп есептейді ол. — 2003 жылы Қарағанды облысының құрылысшылар қауымдастығы құрылды. Қазір ол құрылыс саласында нормалау және құқықтарды қорғауда әлі де үлкен жұмыстар жүргізуде.

Төлеген Әшімов кәсіпкерлер палатасын құруды да жақсы идея деп санайды. Бұған дейін осындай нәрсені жасауға бірнеше рет әрекет жасалды. Кооперативтердің одақтары да, түрлі қауымдастықтар да болған.

— Бірлестіксіз алға жылжу мүмкін емес, — деп атап өтті бизнесмен. — Кәсіпкерлер палатасы барлық салалармен жүйелі түрде айналысады. Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Онда көптеген мәселелер шешілуде. Қызметкерлер жас кәсіпкерлерге жанжақты көмек көрсетеді. Олар құжаттарды бірге реттесіп, белгілі бір бағытта мемлекеттік қолдау туралы ақпарат береді.

«Атамекен» ҰКП есептеуі бойынша, бүгінде ШОБ-та 236 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл өңірдің экономикалық белсенді халқының 36,5% — ы.

30 жыл ішінде шағын және орта бизнес өндіретін өнім көлемі 50 есеге артты. Ол 1,5 трлн теңге деңгейінде бағаланады. Бұл көрсеткішті «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС сияқты индустриялық алыптардың өнімділігімен салыстыруға болады.

Пандемия кәсіпкерлікті цифрландыруға серпін берді. Қазір бизнесмендердің көбі онлайн-сатылым мен жеткізу қызметін меңгеруге тырысады. Сондай-ақ, біліктілікті арттыру үшін түрлі онлайнқызметтер ұсынылады.

Статистика бойынша, кәсіпкерлердің қызығушылық аймағында сауданың үлесі басым. Бұл барлық жұмыс істеп тұрған бизнестің 40%- ға жуығы, 14%-ы-ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы-11% және 6%-ы құрылысқа, өнеркәсіпке, көлік пен қоймаға, жылжымайтын мүлікпен операцияларға және басқаларға тиесілі.

Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында жылдан-жылға өркен жайып, дамып келеді. Қазіргі уақытта «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек», «Бастау Бизнес» жобалары және тағы да басқа бағдарламалар жұмысын жалғастыруда.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

QH