Той мәдениетіне түзету: Мәжіліс депутаттары әдепсіз әзілдерге тыйым салуды ұсынды
Қазақстанда енді тойлар мен көпшілік шараларда орынсыз қалжың мен әдепсіз ойындарға тыйым салынуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары мәдени шаралар өткізу ережелеріне осындай өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
Жаңа заң жобасы қабылданса, той, мерейтой және өзге де бұқаралық жиындарда әдепке сай келмейтін конкурстар мен ұят әзілдерге жол берілмейді. Бұл шара қоғамдағы моральдық және рухани құндылықтарды қорғау мақсатында қолға алынбақ.
Мәдениет вице-министрінің айтуынша, енгізілетін шектеулер тек отбасылық тойларға ғана емес, барлық ойын-сауық және бұқаралық мәдени іс-шараларға қатысты болмақ. Дегенмен, бұл тыйымның қалай іске асатыны және бақылау тетіктері әлі нақтыланбаған.
Бұл бастама қоғамда қызу талқылануда. Бірі – мұндай тыйым салт-дәстүр мен ұлттық тәрбиені сақтау үшін қажет десе, енді бірі – бұл жеке шығармашылық еркіндікке қол сұғу деп есептейді.
Соңғы жылдары кейбір тойда әдепсіз байқаулар мен ұят қалжыңдар жиі сынға ұшырап келеді. Әлеуметтік желілерде тараған видеолар қоғам наразылығын тудырған болатын. Осыған орай, билік өкілдері той мәдениетіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.
Мемлекет қоғамның рухани қауіпсіздігін күшейтуге ниетті. Ал заң жобасы қабылданса, тойдағы әдепсіз қалжың мен арсыз ойындар өткеннің еншісінде қалуы мүмкін.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

