Өткен мен бүгінді жалғаған өнер
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде алғаш рет Батыс Қазақстаннан келген авторлардың көрмесі ұйымдастырылды. Инна Ермакова мен Әсел Мурзағалиева бірлесіп жасаған ерекше туындылар асыл тастардан, металдан және тіпті Каспий жағалауынан табылған тұрмыстық қалдықтардан жасалған. Осылайша ұмыт қалған заттар өнерге айналып, жаңа мағынаға ие болды.
Көрме қонақтары туындылардан өткен ғасырдың рухын сезінгенін айтады. Кейбір бейне ескі фотосуреттерден кенепке көшірілсе, кейіпкерлердің бір бөлігі бүгінгі күннің тіршілігін бейнелейді: немересін балабақшадан алып қайтқан әже, қаздардан қашып бара жатқан жасөспірім немесе кесене шырақшысы.
«Шығармашылықпен айналысу – жақсылық бар екеніне сену. Біздің мақсатымыз – өзгелерге де шабыт беріп, жақсылық жасауға түрткі болу», – дейді көрме авторы Әсел Мурзағалиева.
Суретшілер бірлесе жұмыс істеп келе жатқандарына жеті жыл болған. Олар өздерін «көшпелі суретшілерге» теңейді. XIX ғасырдағы ел аралап көрме өткізген қауымдастықтың жолын жалғастырып жүргендей. Ақтаудан Қарағандыға дейін 70 сағаттық сапар шегіп, өнерін көрерменге жеткізген.
Көрме қонағы, суретші Бекен Мұқышев экспозицияның мазмұнын былай сипаттады:
«Мұнда бүгінгі күн мен өткен ғасырлар байланысы көрінеді. Көшпелілердің тұрмысын да, заманауи көзқарасты да байқауға болады. Әселдің анасы баласын табиғатпен таныстырып тұрған композициясы ерекше әсер қалдырды», – деді ол.
Экспозицияның тағы бір ерекшелігі – жарық сөнгенде туындылар флуоресцентті бояулардың арқасында жаңа қырынан ашылады. Киізүйлерде ошақ маздап жанып, далалық пейзаждарға ымырт түседі.
Қарағандылықтар «Батыстан соққан самал жел» деп атап кеткен бұл көрмені бейнелеу өнері музейінде 5 қазанға дейін тамашалай алады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»


