Өткен ғасырдың бояуы
Өңірімізде қала тарихында ерекше із қалдырған суретші, Қарағанды суретшілер одағының негізін қалаушылардың бірі – Петр Антоненконың көрмесі өтті. Шарада қылқалам шеберінің бұрын көпшілік назарына ұсынылмаған, мұрагері «Алтын ғасыр» галереясына табыс еткен сирек туындылары көрсетілді.
«Дәуірдің көрінісі» деп аталған көрме Қарағанды қаласының қалыптасуы мен даму тарихына арналды. Онда 1950 жылдан 1970 жылға дейінгі аралықта Петр Антоненко салған акварельдер, этюдтер мен графикалық жұмыстар қойылды. Бұл туындыларда сол кездегі қарағандылықтардың тұрмысы, қаланың сәулеті, көшелердің бейнесі мен тарихи сәттері шебер жеткізілген.
– Суретшінің осы көрмеге арналған жұмыстарын бізге оның мұрагері Любовь Антоненко ұсынды. Барлығы 80-ге жуық туынды әкелінді. Олардың қатарында акварельдер мен графикалық суреттер бар, – деп атап өтті «Алтын ғасыр» галереясының жетекшісі Бибігүл Исполова.
Петр Антоненко 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Самарқанд пен Алматы қалаларында белгілі суретшілер Павел Беньков пен Абрам Черкасскийдің шеберханасында білім алып, кәсіби деңгейін жетілдірді. Өз шығармашылық жолын 1948 жылы бастаған ол портрет, пейзаж, натюрморт бағытында көптеген еңбек жазды. Сонымен қатар, монументті мозаика мен үлкен көлемді суреттер жасауға да атсалысты.
Суретшінің картиналарында қарағандылықтардың өмір салты, қаланың көшелері мен сол кезеңнің әлеуметтік тынысы кеңінен көрініс тапты. Оның еңбектерінің бір бөлігі бүгінде Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, сондай-ақ жеке коллекцияларда сақталып отыр.
Көрмеге қатысушылар сирек кездесетін шығармаларды тамашалау арқылы тек өнермен сусындап қана қоймай, өткен ғасырдағы Қарағандының бет-бейнесін көз алдына елестетіп, қала тарихына жаңаша көзқараспен қарау мүмкіндігін алды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»