Тіс емдеу үшін зейнетақы жинақтарын алу уақытша тоқтатылды

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын тіс протезі мен имплантациясына төлеу үшін өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл шешім Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған заңсыз схемаларға байланысты қабылданды.

Агенттіктің мәліметінше, кейбір жеке стоматологиялық клиникалар БЖЗҚ қаражатын заңсыз алу үшін жалған құжаттар рәсімдеген. Тексеру кезінде күніне 70-тен астам «пациентті» қағаз жүзінде қабылдаған клиникалар анықталған. Көптеген адамдар клиникаға бармай-ақ, өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбаларын делдалдарға берген. Тіпті жас азаматтарға қисынсыз диагноздар қойылып, жалған дәрігерлік комиссия қорытындылары тіркелген.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысы Президентке бұл бағыттағы ірі алаяқтық фактілер туралы баяндаған болатын. Осыған орай 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платформасында тістерді емдеуге зейнетақы қаражатын пайдалану үшін өтініш қабылдау тоқтатылды.

Агенттік бұл уақыт ішінде жаңа, қауіпсіз механизм әзірленетінін хабарлады. Қазіргі таңда күдікті стоматологиялық клиникаларда тексерулер жүргізілуде.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»