Тіркеусіз азаматтарға әлеуметтік төлем тоқтатылады
Желтоқсаннан бастап Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер төленбеуі мүмкін. Бұл норма міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін қамтитын жаңа заң жобасында қарастырылған. Құжатты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоғамдық талқылауға ұсынды.
Министрліктің деректеріне сүйенсек, қазір елде 100 мыңнан астам адамның тұрақты тіркеуі жоқ, ал 28 мыңға жуығы тек уақытша тіркеумен жүр. Заң қабылданған жағдайда, осындай азаматтарға мемлекеттік қолдау олар Қазақстанда тұратынын ресми түрде растағанға дейін тоқтатыла тұрады.
Сондай-ақ интернаттар мен стационарларда тұратын қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға төленетін төлемдер де қысқаруы ықтимал. Жаңа ереже бойынша олар жеке қажеттіліктеріне зейнетақы немесе жәрдемақының 30 пайызын ғана алады, қалған 70 пайызы бюджетке қайтарылады. Министрліктің түсіндіруінше, бұл санаттағы адамдар толығымен мемлекет есебінен қамтамасыз етілгендіктен, толық көлемде төлем жасау «қосарланған қаржыландыру» болып саналады.
Төлемдер азаматтар өз үйіне оралғаннан кейін қайта басталады. Заң жобасын 2025 жылғы желтоқсанда қабылдау жоспарланып отыр, ал қоғамдық талқылау 2025 жылғы 24 қыркүйекке дейін «Ашық НҚА» порталында жалғасады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»