Тілдік жобаның тиімділігі мол
Қарағандыда «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылды. Биыл жобаға 8 мыңнан астам адам қатысты. «Өнер алды – қызыл тіл» номинациясы бойынша Шәкәрім атындағы гимназияның 8-сынып оқушысы Виктор Каверин үздік атанды.
– Биыл жобаға 8 400-ден астам адам қатысты. Оның 1 850-і мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Жобаның мақсаты – Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдері арасында қазақ тілі және ұлттық мәдениет пен құндылықтарды насихаттау. Биылғы жылы конкурсқа мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар, студенттер, педагогтер қатысты. Біз жеңімпаздарды үш номинация бойынша анықтадық. Таңдау жасау оңай болған жоқ, барлық қатысушы марапатқа лайық, – дейді Қарағанды облысы бойынша жоба үйлестірушісі Қуаныш Мақсұтов.
Топар кентінің Абай атындағы тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәдина Түсіпбаева «Тіл мектебі» қазақ тілін оқыту бойынша «Үздік авторлық бағдарлама» номинациясында жеңіске жетті. Ол 5-11 сынып оқушыларына арналған Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының шығармалары негізінде тапсырмалар жинағын әзірледі.
– Мен жинақты шығару үшін екі жыл жұмыс істедім. Онда тыңдауға, сөйлеуге, сөздерді қабылдауға арналған 40 тапсырма бар. Олар Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының шығармаларына негізделген. Тапсырмаларды орындай отырып, балалар грамматиканы оқып қана қоймай, біздің мектеп бағдарламаларында қамтылмаған шығармаларды есте сақтайды, – деді Мәдина Түсіпбаева.
«Өнер алды – қызыл тіл» номинациясында Қарағанды қаласындағы Шәкәрім атындағы гимназияның 8-сынып оқушысы Виктор Каверин жеңіске жетті. Жасөспірім қазақ тілінде еркін сөйлейді және онысын келешегі үшін маңызды деп санайды.
– Мен бірінші сыныптан бастап қазақ мектебінде оқыдым. Бала кезімнен ата-анам менің тілге деген қабілетімді байқады. Оқуда мені үлкен әпкем ынталандырады, ол – полиглот, – дейді Виктор. – Мен әрқашан оған ұқсауға тырыстым. Жақсы оқимын, қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Маған бұл тіл ұнайды, өйткені ол менің алдымда көптеген есікті ашады, адамдармен сөйлесе аламын, жаңа нәрселерді біле аламын. Үйде әпкем екеуіміз кейде қазақша сөйлесеміз. Ата-анамыз бізді түсінбейді, бірақ біздің тілге деген құштарлығымызды қолдайды.
«Өнерлі өрге жүзер» музыкалық номинациясында Теміртау қаласының SOS Балалар ауылының жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Лида Арешина марапатталды.
Жеңімпаздар диплом мен сертификат алды.
«Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы қазақ тілі мен мәдени ортаға бейімделуге, мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін білуге мүмкіндік береді.