Тіл мерекесі – бірлік пен татулықтың айнасы

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Әр ұлттың бір үні – Қазақстан» атты мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл күн – еліміздегі сан түрлі этностың тілдеріне, мәдениетіне, салт-дәстүріне құрмет көрсетіп қана қоймай, ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайтатын ерекше мереке болып саналады.

Мерекелік жиынға түрлі этнос өкілі, өнерсүйер қауым, жастар мен ардагерлер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Шара барысында қатысушылар қазақ тілінің байлығын, ұлттық өнердің сұлулығын паш етіп, өлең оқып, халық арасында кеңінен танымал әндер мен күйлерді орындады. Домбыраның қоңыр үні, сырлы жыр, әсем ән, барлығы да көпшіліктің жүрегін бір сәтке ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толтырды.

Сонымен қатар мереке аясында «Бейбітшілік бейнесі» атты ерекше көрме ашылды. Көрмеге әртүрлі этнос өкілінен шыққан суретшілердің шығармалары қойылып, олардың әрқайсысы бейбіт өмірдің, достық пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің көркем бейнесін жеткізді. Картиналар арқылы әр автор өз халқының жүрек лүпілін, ортақ Отанға деген іңкәр сезімін білдірді.

– Тілдер күні ел ішіндегі әр тілдің қадірін арттырып, мәдениеттердің үндестігін, достық пен татулықты еске салатын ерекше мереке. Әрбір қазақстандық өз тілінде еркін сөйлеп, өзін біртұтас, тату елдің мүшесі ретінде сезінуі тиіс, – деп құттықтау сөзін жеткізді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнар Қасембаева.

Шара барысында көрермендерге Қазақстан халқының бірлігін паш ететін бейнеролик ұсынылды. Сахна төрінде музыканттар, әншілер мен жыршылар өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық әуендер мен заманауи композицияларды үйлестіре орындады. Жастардың ұлттық өнерге деген ықыласы да ерекше байқалды. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті, «Ассамблея жастары» қозғалысының белсендісі Ұласхан Жалғасовтың орындауындағы «Ақ желен» күйі көпшіліктің зор қошеметіне бөленсе, Еврей мәдени орталығының солисі Светлана Бойко шырқаған «Бұлбұл» әнімен тыңдарманын баурап алды. Жас музыкант Егор Стариков домбырада «Балбырауын» күйін аса шеберлікпен тартып, залдағыларды тәнті етті.

– Өзім қазақ ұлтынан болмасам да, домбыраның қоңыр үнін ерекше сүйемін. Қазір кәсіби түрде айналысып жүрмін, өнер мектебінде жетінші сыныпқа өттім. Алғашында ата-анам мен достарым бұл әуестігім уақытша деп ойлаған еді. Алайда биыл музыкалық мектепті тәмамдап отырмын. Бүгінде тек өзім ғана емес, айналамдағы адамдар да домбыраны жақсы көріп, менен күй орындап беруімді жиі сұрайды, – дейді Егор Стариков.

Шара тек өнер мерекесі ғана емес, сонымен бірге шығармашылыққа шабыт беретін алаңға айналды. Соңында «Қарағанды – біздің сүйікті қаламыз» тақырыбындағы «Үздік пост» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бірінші орынды – Елена Шарабура, екінші орынды – Алёна Рыбак, үшінші орынды – Илина Зинатуллина иеленіп, арнайы дипломдар мен сертификаттарға ие болды.

Бұл айтулы мерекені Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ мен Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы бірлесе ұйымдастырды. Шара қонақтары бірлік пен келісімнің еліміз үшін ең басты құндылық екенін тағы бір мәрте сезініп, өнер арқылы достық пен сыйластықтың шынайы үлгісін тамашалады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»