Тіл – ең асыл құндылық
Бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім беру жүйесінде балалардың тілдік қабілетін дамыту – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта еліміздің балабақшаларында түрлі жоба мен әдістемелік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде ерекше атап өтуге тұрарлығы – «Тілге бойлау» жобасы.
«Тілге бойлау» жобасы арқылы балалардың қазақ тіліне деген қызығушылығын ояту, тілді меңгеруге бағытталған шығармашылық қабілеттерін дамыту көзделеді. Сонымен қатар, бұл жоба балалардың сөздік қорын молайтып, еркін сөйлеу дағдысын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Көктемнің жаймашуақ күндерінің бірінде Қарағанды қаласы, Мамыраев шағынауданында сәуір айының 17 жұлдызында «Айгерім» бөбекжайымызда КМҚК «Тілге бойлау» республикалық пилоттық жобасы аясында «Тіл – ең асыл құндылық» облыстық семинар өтті. Бұл шараға облыстан 25-тен аса мектепке дейінгі ұйымдар қатысты.
Семинарда «Айгерім» бөбекжай директоры Н.К.Елькенова ұжымды біліктілікпен ұйымдастыра білгеннің арқасында педагогтар жан-жақты дайындалып, жоғары деңгейде өткізді.
Бөбекжай тәрбиешілері, қазақ тілі педагогтері және музыка жетекшілері өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Оның ішінде атап айтатын болсақ, қазақ тілі педагогтері Касымова Гульмира Багинтаевна және Рымбекова Саягүл Қанатқызы бөбекжаймыздағы өзге ұлт өкілінің тәрбиеленушілерімен және олардың ата-аналарымен «Ұлттық қазынаны қазақ тілі арқылы ұлықтау» атты ток-шоу өткізілді. Осы ток-шоу арқылы өзге ұлт өкілі тәрбиеленушілерінің ата-аналары өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізіп, байланыстырып сөйлеп сұрақтарға қазақ тілінде еркін жауап беріп отырды. Ана тіліне деген құрметі мен қызығушылығы артып, мәдени мұралармен жақынырақ танысты.
«Тілге бойлау» жобасы – мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамытуда тиімді әдіс. Ол балалардың коммуникативтік қабілетін жетілдіріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген құрметті де қалыптастырады. Осындай жобаларды балабақша тәжірибесіне кеңінен енгізу – болашақ ұрпақтың сауатты, тілдік тұрғыдан бай, мәдениетті азамат болып өсуінің кепілі.
Рымбекова Саягүл Қанатқызы,
«Айгерім» бөбекжайы» КМҚК қазақ тілі педагогы
Қарағанды қаласы