«TEZ TAP» – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТҰҢҒЫШ КУИЗ
Күнделікті жұмыс күнінен кейін барлық адамның бой жазып көңіл көтергісі келеді. Түрлі ойын-сауық орталықтары, саябақтар, куиздер, квестілер – адреналин алудың таптырмас мүмкіндігі. Уақыт өткен сайын олардың саны да, түрлері де көбейіп келеді. Дегенмен елімізде дәл қазақ тіліндегі ойындардың саны тапшы. Тіпті жоқ деуге де болады. Қазіргі таңда елімізде бары – «TEZ TAP» куизі ғана. Ең бастысы, қатысушылар көңіл көтеріп қана қоймай, ақылды ортада білімін шыңдай түседі. Тұңғыш қазақша «Quiz» жобасының негізі 2020 жылы қаланған, жоба жетекшісі – Дана Қамзабек. Сұрақтарды арнайы топ құрастырып, барлық өңірге таратады. Осы уақыт аралығында «TEZ TAP» тез қарқынмен Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Құлсары, Қызылжар, Семей өңірлеріне таралып үлгерген еді. Жақында ғана ерекше куиз Қарағандыда да жұмысын бастады.
Куиз дегеніміз – командалық викторина. Мұндай куиздер Англиядан басталған. Жиналғандар командаларға бөлініп сайысады. Қарағандыда желтоқсан айында басталған ойынға бар болғаны 20 шақты адам жиналған, екі айдың ішінде келушілер саны 75-ке жетіп отыр. «TEZ TAP-ты» Қарағандыға әкелген – Дастан Жақсығали. Бұл ойынның әлеуметтік желідегі парақшасында басқа өңірлердің де астаналықтарға қызығып жататынын арагідік пікірлерден көріп қаламыз. Ойынға қатысқан командалар салған жазбаның астында міндетті түрде «біздің жақта да осындай ұйымдастырса жақсы болар еді» деген сөз жазылады. Дастанның айтуынша, бастапқы идея Қарағандыдағы қазақ тілін көтеру, қазақтілді аудиторияны ұлғайту және дамыту болған.
– Қазақты жасы мен кәсібіне қарамай, жай жұмысшы не кәсіпкер болсын бір жерге жұмылдырғымыз келді. Бірақ сол әр түрлі бағыттағы адамдардың барлығын бір жерге жинайтын алаң керек болды. Сондай алаң ойын болуы керек деп шештік. Сондықтан Қазақстаннан ойын іздестірдік. Жалпы, Қарағанды көлемінде куиз ойындары жақсы дамыған, тек олардың барлығы орыс тілінде. Осыдан жарты жыл бұрын ғаламтордан осы «TEZ TAP-ты» көріп қалған едім. Ол кезде мүмкіндік болмай қалды. Кейін не болса да әкелуге шешім қабылдадым, – дейді Дастан Жақсығали.
Үлкен қалаларда адамдар көп жиналғанымен, ең алғаш ұйымдастырушылар Қарағандыда адам жинаудан қиналған. Бастапқыда ешқандай жарнамасыз, таныстырылымсыз аудитория жинау қиын болыпты.
– Басында ең алғашқы ойында 27 адам болды. Әрі қарай әкете аламыз ба деген уайым да болды. Дегенмен қазір жақсы дамып келе жатырмыз. Жалпы халық, қазақтілді аудитория жақсы қабылдады. Себебі бұл ойын басқа қалаларда да ашылды. Солармен салыстыра отырып қарасақ, Қарағандының қарқыны тамаша. Қазақ тілін дамытсақ деген ниеті өте жақсы, – дейді ұйымдастырушы.
Келушілердің ортасында бұл куизге бірнеше рет қатысып отырғандар да бар. Солардың – бірі Мариям Ахметбек. Ол ойын қалаға келгеннен бері қалмай келуге тырысады.
– Мұндай ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған жобалар біздің Қарағанды қаласына өте керек. Бұл ойын қаламызға бір серпіліс алып келгендей болды. Себебі қазақтілді аудиторияның аясын кеңейту мақсатында өткізіліп жатқандықтан бұл – керемет жоба. Бұл жобаны өз басым қолдаймын, сол үшін, міне, төртінші рет қатысып жатырмын. Алғаш қатысқан кезімде бес қана топ жиналған едік. Ал бүгін адамдар көбейгенін көріп қуанып тұрмын. Өте керемет бастама онан әрі жалғаса береді деп ойлаймын, – дейді Мариям Ахметбек.
Әдетте куизге адамдар достары мен таныстарын алып келеді. Осы жолы мұнда оқушылар мен мұғалімдер жиналған. Н.Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері ұжым болып оқушыларын ерте келген. Мұғалімдердің айтуынша, мұндай ойын балалардың топтық жұмыстағы бірлігін арттырып қана қоймай, логикасы мен білімін де жетілдіреді.
– Бүгін біз өзіміз жаман оқушы болып отырмыз. Сондай қызық сұрақтардың жауабы шыққанда, мұны неге ойламағанбыз деп таңданамыз. Біз оқушылармен рөлімізді алмастырып, балалық шаққа барып келгендей болдық. Ұйымдастырушыларға көп рақмет. Осы істері жалғаса берсін. Өте қатты ұнады. Мектептегі мұғалімдердің өздерімен қатар ойланып, бірге қателесіп жатқанын көру оқушылар мен оқытушының байланысын нығайта түседі деп ойлаймыз. Алдағы уақытта тағы да келу ойда бар, – дейді Н.Әбдіров атындағы ЖББОМ мұғалімі Маргарита Сулайманова.
Куиз 6 турдан тұрады. Әр турда 4-7 сұрақтан. Жүргізуші сұрақ оқыған соң, командаларға ақылдасуға 30-60 секунд беріледі. Сұрақ жауаптарын арнайы парақшаларға жазып, тур соңында ұйымдастырушыларға тапсырады. Ойын соңында ең көп ұпай жинаған үш топ марапатталады.
– Бүгінгі ойын күшті болды. Қатып қалған, кеуіп қалған миымызды қозғап бір жұмыс істеткіздік. Негізі, бұл – менің алғаш келуім. Бұл жерде – мүлде басқа атмосфера, миды қозғау керек. Ал мен жалқау екенмін, сұрақтарға жауап бере алмай жаттым. Мағыналы болды, өте қызық өтті. Жеген тамағымызды бірден ойланып қорытып жіберіп отырдық. Осындай ойындар көп болса екен. Меніңше, жай ғана тамақтануға немесе қыдыруға барғаннан осындай жерде қиналған қызығырақ, – дейді Фариза Ермек.
Дастан Жақсығали бұған дейін әскери қызметте жұмыс істеген. Осы бағытқа қарай ауысуына қазақ тіліне деген махаббаты себеп болған.
– Кішкентай кезімнен әскери мектепте оқыдым, одан кейін әскери қызметші болдым. Жалпы, жүрегім қазақ деп соғады десем – тым қатты айтқаным емес. Гид болып та жұмыс жасағанмын. Қолөнер шебері де, жүргізуші де болдым. Дегенмен соңында өзімді осы саладан таптым. Байқап отырсам, бұған дейінгі барлық жұмысым қазақ үшін, ел үшін маңызды болған екен. Қазақтілді аудиторияға жұмыс істеу арқылы ана тілімізді қолданушылар ауқымын кеңейткім келеді, – дейді Дастан.
Дастан сонымен қатар ұлттық ойындарды дәріптеуге де барын салып келеді. Қазіргі таңда «Ханталапай» ұлттық ойындар орталығында да қызмет етуде. Балалардың туған күні, мерекелік кештерде қазақы аниматорлар арқылы өнер көрсетіп, қазақ ойындарын ойнатады.
– Қазір «Ханталапай» ұлттық ойындар орталығымен бірге Қарағандыда ұлттық ойындарды дамытып жүрміз. Жалпы мектептер мен балабақшаларда мереке-мейрамда ұлттық ойындардан шоу жасаймыз. Бүгін де үзілісте арқан тартыс болды. Осы секілді ұлттық құндылықтарды барынша дамытуға тырысып келеміз. Қазір қазақ балалары шетелдік фильм кейіпкерлеріне еліктейді. Мерекелік кештерге де солардың аниматорларын шақырады. Осыны көріп өз батырларымызды, дәстүрлі құндылықтарымызды неге шығармасқа деп ойладық, – дейді ол.
Қазақша куиз қазіргі таңда қарқынды дамып келеді. Бір ерекшелігі – ойынның белгілі бір тақырыбы болмайды, жалпы логика мен эрудицияға негізделген. Өнер, медиа, жаңалықтар, дәстүр, бизнес, шоу-бизнес және тағы басқа түрлі тақырыпта болуы мүмкін. Сондықтан мұнда тек бір сала мамандары жеңіп кетеді деген жоқ. Барлық саладағы қызметкерлердің мүмкіндіктері мен деңгейлері бірдей. Ұйымдастырушылар қазір ойынның үйде ойнауға арналған шағын түрін ойлап тапқан. Алдағы уақытта келушілерді әлі талай таңғалдырамыз деп отыр.