Теміртаулықтарға 300 млн. теңгеден астам қаражат қайтарылды
Теміртау қаласының прокуратурасы 2022-2023 жылдың кезеңінде жылумен жабдықтау саласына талдау жүргізді. Нәтижесінде, қала тұрғындарына 300 млн. теңгеден астам қаражатты қайтарып берді.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша кәсіпорын жылумен жабдықтауды пайдаланғаны үшін 300 млн. теңгеден астам сомаға 120 мың тұрғынға (118 362 жеке тұлға және 1329 бизнес субъектісі) сомаларды қайта есептеді.
– Осы жылыту маусымы басталғаннан бері «Оқжетпес-Т» ЖШС-сі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның ЖЭО-2 желілерінде жөндеу жұмыстарын жүргізгені анықталды. Бұл қала тұрғындарының үйлерінде температуралық режимнің жиі бұзылуына соқтырған. Тиісінше, мұндай жағдайларда жылу беру қызметтерінің құнын қайта есептеу керек. Бірақ жауапты компания өкілері олай істемеген, – делінген хабарламада.