Телескоппен Айға саяхат
Қарағандылық қоғам қайраткері қала тұрғындарына Айды телескоп арқылы тегін көрсетті. Алайда бұл полицияның назарын аударып, белсендіні бөлімшеге алып кете жаздады.
Қоғам қайраткерінің Айды тамашалауға шақырғаны жайлы хабарландыруын әлеуметтік желіден көрген Карина күйеуі және балаларымен бірге сол жерге барады. Көптеген адам жиналды, бірақ оқиға ортасында келеңсіз жағдай орын алған.
– Қарағанды қаласында осындай нәрселер сирек орын алады. Стандартты тірлікке қарағанда ерекше құбылыс, адамдар үшін қызық. Біз концерт қана емес, ғылымға байланысты осындай нәрсе көруіміз керек. Керемет қой бұл нәрсе. Осыны ұйымдастырған Дамирге ризамын. Мен оның зардап шеккенін қаламаймын. Оқиға орнына келген тәртіп сақшыларының Дамирді бөлімшеге алып кеткісі келді, – дейді қала тұрғыны Карина Завьялова.
Дамир Каримов қарағандылықтарға тәуелсіз эколог, музыкант, психолог және әуесқой астроном ретінде танымал. Оның үстіне, ол туғаннан бастап зағип. Осыған қарамастан велосипедпен жүреді, тіпті бір рет Алматыға дейін барып қайтқан. Ол бір кездері қымбат телескоп сатып алған, кейде онымен жұлдыздарға тегін қарауға мүмкіндік береді. Полицейлердің ылғи келетінін айтады Дамир, бірақ бұл жолы полиция оны алып кете жаздаған.
– Мен қарсы емеспін, полиция қызметкері өз жұмысын істеп жатыр. Оларды жақтаймын, алайда біз оларды қоғам болып жиі кінәлаймыз. Біз тұрғанда, жанымыздан 10 мотоцикл өтті. Бұл көліктер өткенде, даусы көрші ауданға дейін естіледі. Мас адамдар да өтіп жатты, ал полицейлер менің түсініктеме жазып бітуімді бір сағат бойы күтіп тұрды, – деді қоғам қайраткері Дамир Каримов.
Полицейлердің айтуынша, «102» телефонына белгісіз біреудің заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жатқаны туралы тұрғындардан шағым түскен.
– Кешкі сағат 21:00 шамасында «102» телефонына қала тұрғыны қоңырау шалып, белгісіз азамат кәсіпкерлікпен айналысып жатқанын жеткізді. Оқиға орнына жақын маңдағы полиция жасағы жіберіліп, аталған шараны ұйымдастырған азамат ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Құжаттары тексеріліп, үйіне жіберілді. Мұндай шара билік өкілдерімен келісім арқылы жасалуы тиіс, – деп түсіндірді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Сондықтан тіпті игі іс жасаса да, мұндай игі бастама үшін де рұқсат алу үшін әкімдікке жүгінуге кеңес беріледі.
– Мәселе мынада, – дейді Дамир, – рұқсатты алдын ала алу керек. Ал бір ай бұрын рұқсат етілген күні аспанның ашық не бұлтты болатынын білмейсіз.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»