Тексеруден өтіңіз – өміріңізді сақтаңыз

Қарағандыда асқазан және бауыр обырының алдын алу мақсатында ақпараттандыру айлығы өтіп жатыр. Дәрігерлер тұрғындарды ерте диагностиканың маңызды екенін еске салып, тегін тексеруден өтуге шақырады.

Өкінішке қарай, асқазан мен бауыр обырының бастапқы кезеңдерінде айқын белгілері болмайды. Көбіне науқастар ауру белгілерін кеш сатысында сезінеді. Алайда, медициналық тексеру арқылы ауру ерте кезеңде анықталып, тиімді емдеуге мүмкіндік туады.

№3 көпсалалы аурухананың амбулаториялық-емханалық қызметінің жетекшісі Александр Красноженнің айтуынша, тексеру кезінде гастрит, хеликобактер инфекциясы, дуоденит, рефлюкс, асқазан мен ұлтабар қабынуы сияқты созылмалы аурулар анықталуы мүмкін. Сонымен қатар, ПЭТ-КТ және эндоскопиялық әдістер арқылы жоғарғы асқазан-ішек жолдары мен эндоөңеш аймағы толық зерттеледі. Бұл – белгілері кеш білінетін обыр түрлерін ерте кезеңде анықтаудың заманауи жолы.

Асқазан обыры бастапқы кезеңде тәбеттің төмендеуі, тез тою, асқазандағы жайсыздық, жүрек айну, етке жиіркеніш, әлсіздік және шаршағыштық белгілерімен көрінуі мүмкін. Бауыр обыры ұзақ уақыт бойы белгісіз жүруі мүмкін, алайда оң жақ қабырға астындағы ауырсыну немесе жайсыздық, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, іштің ұлғаюы, тері мен көздің сарғаюы байқалса, дәрігерге жүгіну қажет.

– Біз тамақтану тәртібіне, стрессті азайтуға, дұрыс рационға мән беру керектігін ұсынамыз. Стресс пен анемия – асқазан мен бауыр обырына себепші болуы мүмкін факторлар. Сонымен қатар, науқас дәрігерлермен кеңесіп, барлық сұрақтарына жауап ала алады, жеке кеңестер арқылы ауруды алдын ала болдырмауға мүмкіндік бар, – дейді Александр Красножен.

Тексеруге келген тұрғындар кезек тәртібімен қабылданады, ешқандай сақтандыру немесе жолдама талап етілмейді. Сондықтан Қарағанды тұрғындары мен қала қонақтары өміріне мән беріп, осы мүмкіндікті пайдаланып, тегін тексеруден өтуге шақырылады.

№3 көпсалалы аурухананың амбулаториялық-емханалық қызметінің ақпараты негізінде