Тегін дәрі-дәрмек: қолжетімді ме, әлде күрделі бюрократия ма?
Қарағанды облысында жеңілдікке ие азаматтар МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) және ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) аясында диспансерлік есепте тұрған созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулары бар науқастар, зейнеткерлер, балалар мен жүкті әйелдерге тегін дәрі-дәрмек берілуі тиіс. Дегенмен, іс жүзінде пациенттер препараттардың жетіспеушілігі немесе бас тарту жағдайларына жиі тап болады.
«Біз қосымша өтінім беріп, қосымша қажеттілікті рәсімдегенше және ол өтінім «СҚ-Фармация» тарапынан сатып алуға жіберілгенше пациенттерге біраз уақыт күтуге тура келеді. Бұған белгілі бір уақыт кетеді, кейде бір айдан да асып кетуі мүмкін. Себебі қосымша қажеттілік ай сайын емес, тоқсанына бір рет қаралады», — дейді Алғашқы медико-санитарлық көмек орталығы директорының орынбасары Влада Кузичева.
Техникалық ақаулар да жиі кездеседі: ақпараттық жүйеде дәрілер көрінбей қалуы немесе рецепт қате жазылуы мүмкін. Мұндай кезде пациенттерге шағым түсіру құқығы беріледі. Оны өңірлік денсаулық сақтау басқармасы, eGov порталы, Qoldau 24/7 қосымшасы, Telegram-дағы @SaqtandyryBot немесе msqory.kz сайты арқылы жасауға болады. Шағымда дәрінің атауын, диагнозды, емхананы және бас тартқан күнді көрсету қажет.
Сонымен қатар, «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының тәулік бойы жұмыс істейтін 1439 нөмірі арқылы тікелей байланыс орталығына хабарласуға болады. «Біз барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Егер белгілі бір медициналық ұйымда қажетті препарат болмаса, оны алдымен пациент өтініш білдірген облыс ішінде іздейміз. Әрбір ауру, әрбір өтініш жеке тәртіппен қаралады. Егер облыс ішінде қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, онда пациентті дәрі-дәрмекпен қамту жолдарын бүкіл Қазақстан Республикасы аумағынан іздестіреміз. Егер қорда ештеңе қалмаса — бұл тек сирек кездесетін ауруларға ғана емес, жалпы жағдайға қатысты — жұмыс тоқтап қалмайды. Емдеу схемалары өзгертіліп, пациент емін тоқтатпауы үшін басқа дәрілік заттар қарастырылады», — деп түсіндіреді «СҚ-Фармация» ЖШС Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің басшысы Вера Лушанова.
Дегенмен, пациенттер ұйымдарының мәліметінше, орфандық, яғни сирек кездесетін аурулары бар жандарға дәрі табу өте қиын. Кейде бүкіл ел бойынша мұндай дертке шалдыққан бірнеше ғана адам болады, сондықтан жеткізушілер аз көлемдегі тапсырыспен айналысқысы келмейді немесе облысқа бөлінген бюджет жетіспей жатады. «Көптеген пациенттер қазір барар жері, басар тауы қалмағандай күй кешуде. Бұрын бұл мәселе не «Қазақстан халқына» қоры, не мемлекеттік бюджет, не жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің бюджеті есебінен шешілетін. Ал қазір пациенттер назардан тыс қалғандай болып отыр, өйткені өте көп бюрократиялық кедергілер жасалды деп есептеймін. Қажеттілікті тек ірі қалалар ғана өз бюджеті есебінен жауып отыр», — дейді Пациенттер ұйымдары одағының төрағасы Саида Таукелева.
Оның пікірінше, Денсаулық сақтау министрлігінің шекті бағаларды белгілеу туралы бұйрықтары да жеткізушілер үшін тиімсіз болып, олар мемлекеттік сатып алуларға қатысуға өтінім бермейді. Мұндай кезде медицина мамандары емдеу схемасын өзгертіп, пациентке басқа дәрі-дәрмек тағайындайды. Алайда пациенттердің айтуынша, бұл әдіс әрдайым нәтиже бермейді.
Қорыта келгенде, тегін дәрі-дәрмек жүйесі заң жүзінде қолжетімді болса да, практикада пациенттер үшін түрлі кедергілер туындайды. Жүйенің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру үшін емдеу мекемелері мен дистрибьюторлардың жұмысын үйлестіру, сондай-ақ пациенттерге ақпараттық қолдау көрсету маңызды болып отыр.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

