«ТЕАТР КӨБЕЙСЕ, ТҮРМЕ АЗАЯДЫ…»

Биыл Қарағанды қаласына 90 жыл. Қазыналы өлке, индустриалды қала мәдениет жағынан да кенде емес. «Арқаның ақ сарайы» атанған қара шаңырақ Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының іргетасы қаламен тұстас қаланған. Театр басшысы Құрман Қалымовпен осы уақыт аралығында өңірдегі өнердің дамуы жайлы сөз қозғап қайттық.

– Қарағанды қаласының барша жұртшылығын қаламыздың тоқсан жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Ғасырға жуық ғұмыры бар қала тарихы сонау 1934 жылы аумалы-төкпелі заманда «Большая Михайловка» деген атаумен басталған. Жалпы, өткеніне қарап отырсақ, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де нормадан екі есе асырып майданға көмір аттандырып, осы жерде соғысқа керек металдар да өндірілген. Содан бері, міне, тоқсан жыл өтті. Қарап тұрсақ, Қарағандының кен байлығы әлі күнге дейін жұртшылықты асырап келе жатыр. Бала кезімізде Қарағандының кәмпиті, тоқымасы, аяқкиімі болатын. Мұның барлығы қаланың сол кездегі байлығы саналды. Қаламыздың тарихында көлеңкелі тұстар да болды. Қарлаг құрылған жылдары түрлі ұлт өкілдерін тұтқындап әкеліп бізге төге берген. Әрине, олардың ортасында білімді, танымал жандар да бар еді. Сондықтан Қарағандының сол кездегі мәдениетінің дамуына да тигізген әсері болды. Бірақ қазақтілді мәдениеттің, қазақ театрының дамуы кенжелеп қалды. Өйткені қаланың негізгі тұрғындары басқа ұлт өкілдері болды. Тіпті қазақтардың өзі орыстілді бола бастаған кез. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қарағанды республикада индустрия мен кені, кішіпейіл жұрты бар қала ретінде өз орнын бекітті. Ел еңсесін түзеп, мәдениетке бет бұра бастады. Сол себепті қазіргі көрерменнің театрға келуі ұлғайып келе жатыр. Кәдімгідей пікірі мен көзқарасы қалыптасқан жоғары талғамды көрермен қалыптасып келе жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай.
– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз? Сіз алғаш көрген Қарағанды мен қазіргі кенді шаһардың айырмасы бар ма?
– Менің Қарағандыға келгеніме 25 жылдай уақыт болды. Өзім Көкшетауданмын. Астанада оқып, осы қаланың қызымен отау құрдым. Балаларымның кіндік қаны осы өлкеде тамды. Мен тәуелсіздік алып, ел есін енді жинап, экономикалық дамуға қадам басып келе жатқанда келдім. Жаңа үйлер салына бастаған кез. Көкшенің табиғатын көріп өскендіктен бе, әйтеуір, алғаш келгенде қала өзіме сұрғылт секілді көрінетін. Енді қазіргі көркіне қарасақ, әжептәуір көркейді, үлкейді. Жаңа ғимарат соғылып жатыр. Мұның барлығы – болашақ жас ұрпақ үшін.
– Жалпы, мемлекет болғаннан кейін біз алдымен даму жолында экономикаға, саясатқа назар аударып жатамыз. Мұғалім, дәрігер сынды мамандардың жалақысы көтеріліп жатыр. Ал мәдениет жағына қалай көңіл бөлініп жатыр?
– Шерхан Мұртазаның «театр көбейсе, түрме азаяды» дегені бар еді. Мәдениетке қазір облыс әкімдігі өте жақсы көңіл бөліп отыр деп айтуға болады. Театрымыздың 90 жылдық мерейтойына арнайы автобус бөлінді. Осы мен келгеннен бері актерлерге, жас әртістерге 18-ге жуық пәтер берілді. Әлі де беріледі деп отыр. Облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, әртістердің айлығына 30 пайыз төлемақы да қосып отыр. Бұл – аз көмек емес. Мәдениет саласында қаншама қызметкер жұмыс жасайды. Жалпы, мәдениеттің бағасы бәрінен жоғары болуы керек. Сондықтан «жоқ» деп жылау ұят болады, шүкір, бар. Қарағандыда осы соңғы жылдары «Сын шын болсын» атты фестиваль бастаған болғанбыз. Бұл іс бұған дейін осы жерде директор болған Сансызбай Бекболатовтың жоспарында болған екен. Биыл осы шара тақырыбын тұңғыш қазақтан шыққан мемлекеттік қайраткер Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына арнамақпыз. Аз ғана ғұмырында үлкен еңбек жасап кеткен қайраткер. Театрға сол кісінің есімі берілгендіктен мұны біздің тағы бір тойымыз деп ойлаймын.
– Ал қазіргі жас актерлердің аяқ алысы қалай? Қарағанды театрына келетін жас мамандар қандай деңгейде?
– Жалпы, Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы колледждің қасынан ашылған драма актерлер факультеті осымен үшінші жыл ешкімді қабылдап жатқан жоқ. Өйткені дәл іргеміздегі Астанада өнер университеті бар, ол жерде жылына үш топ бітіреді. Ал Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында төрт топ жыл сайын оқуды аяқтайды. Сонда кемінде жүзден аса студент түлеп ұшады. Өкінішке орай, Қарағандыда қазір актер даярлау колледжінің сабақ беретін кәсіби мамандары жоқ. Актер өнері тек актерлік шеберліктен тұрмайды. Онда кәсіби би, вокал, сахна қозғалысы, сахна тілі секілді сабақтар да қамтылуы қажет. Оның барлығы жетіспегеннен кейін, бұл колледждің түлек шығаруына әсерін тигізбей қоймайды. Оның үстіне, онда тек 11-сыныптан кейін қабылданады. Ал әртіске одан кейін жоғары білім алу керек болады. Ал бәрін аяқтап 25-ке келіп қалған түлеккке жұмыс табу оңай емес.
Дегенмен жоғары оқу орнына түсу үшін облыстық әкімдік мәдениетке арнайы грант бөледі. Биыл бізде осы грантпен оқып келген Архат Рахатұлы деген жігіт жұмыс жасап жатыр.
– Ал болашақта өз тараптарыңыздан мектеп оқушыларына немесе студенттерге дайындық курстарын ашу ойда жоқ па?
– Ашуға болады, бірақ кәсіби деңгейге жеткізу қиын. Себебі оған педагогикалық білім керек. Сахнада өнер көрсету бір бөлек, бала тәрбиелеу бір бөлек. Өнердің көзін табу, оны дамыту өте қиын. Сондықтан театр жанынан ондай дүние ашуға әлі ертерек деп ойлаймын.
– Театр тек актерлерден тұрмайды. Сахна сыртында еңбек ететін қаншама адам бар. Тасада қалатын дыбыс, жарық қоюшылар бар. Сапалы кадрлар жетіспейтін тұстар бар ма?
– Әрине. Мысалы, Қарағандыда драматург жоқ. Драматургияны Алматы мен Астанада оқытады. Драматургия – өте күрделі сала. Оң жамбасқа келе бермейтін, ешкімге оңай берілмейтін жанр. Және бізде кәсіби жарық кою суретшісі мүлдем жоқ. Бұл мамандық тіпті Қазақстанда оқытылмайды. Мен қанша уақыттан бері ұсыныс жасап келе жатырмын шетелден шақырайық деп. Екі жылдық курстар өткізіп, өзіміз дайындап көрсек. Қазақстанның кез келген театрына барсаңыз, осы проблема алдыңыздан шығады. Одан кейін дыбыс жазу студиялары жетіспейді. Ол міндетті түрде болуы керек. Художник-сценограф та жетіспейді. Оқу бітіретіндер бар, бірақ көбісі дерлік бизнеске немесе жеке кәсіпкерлердің қол астына кетеді.
– Әртістердің, театрдың деңгейі туралы айттық. Ал қарағандылық көрерменнің деңгейі қандай? Қазір «Қарагөз» сынды қойылымдар жаңа форматта түрленіп ұсынылып жатыр. Оны көрермен қалай қабылдап жатыр?
– Жалпы, көрерменнің қалауын табу өте қиын. Жаңа форматтағы «Қарагөзді» қалалық көрерменнің қабылдауы да өте қиын болды. Өйткені келген бетте қазақтілді аудитория ескі дүниелерді іздей бастады. «Ұлттық киім қайда, неге өзгеріп кеткен?» деген сияқты сөздер болды. Бірақ жастар келіп, «Қарагөз» де көрерменін тапты. Бұл қойылымда М.Әуезовтің бір ауыз сөзі алынбады. Автордың ойы, жеткізгісі келген эмоциясы мүлде өзгертілмеді. Тек оқиғаны қазір өтіп жатқандай етіп көрсетуге тырыстық. Біз түрлі жастағы көрермендерді қамтуды ойлаймыз. Балалар үшін қуыршақ театры ашылды, оған облыс әкімі 25 штат бөлді. Онда келетін бүлдіршіндер ертең мәдениетті, театрды сүйетін көрермен болады. Театрға келетін әр адам өкпелеп қайтпауы керек. Қазақтілді көрерменге лайықты дүние ұсыну үшін барымызды салып жатырмыз.
– Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры тек қала көрерменін ғана ойламайды. Қазір Қарағандының айналасындағы ауыл, елді мекендерді де мәдениетпен сусындатып отырған жалғыз қазақ театры дей аламыз. Ал ондағы халықтың көзқарасы қалай?
– Біз өткен аптада ғана Саранға барып қайттық. Негізі, бір жаққа гастрольдық сапармен барсақ, қойылымды театрда қоюымыз керек. Аудандардағы, ауылдардағы клубтар, мәдениет үйлері әртістерге керек мүмкіндікті бере алмайды. Ауылдағы пердесі ашылмайтын, есігі қисайған клубқа барып ойнаған кезде оны көріп отырған жұртқа да қажет эмоцияны бере алмаймыз. Ал көрермен оған өткізіліп отырған орынды кінәламайды, «ә, біздің театр әлі осындай екен ғой…» деп ойлап қайтады.
– Болашаққа қандай жоспар бар? Театрдан тағы не күтеміз?
– Қазір музыкалық спектакльдер қоюға тырысып жатырмыз. Дегенмен тікелей оркестрде ойнау қиын. Оның үстіне, әртістерге де дирижердің қол ырғағына, оркестр әуеніне түсуді үйрену қажет. Сондықтан асықпай, барынша ізденіс үстіндеміз. Бірақ алдағы уақытта Қарағанды тұрғындарын «Қыз Жібек» либреттосымен қуантсақ деген ойымыз бар. Бұл қойылым шынайы оркестрмен Қарағандыда алғаш рет қойылмақ.
Қаланың қақ ортасында тұрған қара шаңырақ – үлкен қазақ театрының қаламыздағы қай мәдениет саласынан да бәсі жоғары тұратыны анық. Сондықтан осы қара шаңырақтың атынан жалпы қала халқын мерейлі тойымызбен шын жүректен құттықтаймын. 90 жылдық аясында ақпанның 9-ы күні «Жаса, жайна, құлпыра бер, Қарағанды!» деген атаумен мерекелік шара өткіземіз. Қалибек Қуанышбаев атындағы Ұлттық қазақ музыкалық драма театрының хормейстері Амантай Жұмашевті Астанадан осында арнайы шақырып отырмын. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Амантай Жұмашұлы – Қарағандының тумасы. Сол кездерден, сол белестерден бастап бүгінгі тәуелсіздікке дейінгі тарихты әнмен баяндамақпыз. Қойылымның сценарийін театр ақсақалдарымен ақылдаса отырып театрдың әдебиет меңгерушісі Жасұлан Орынбасар жазып шықты. Қоюшы режиссері – Айдын Салбанов. Қарағанды тұрғындары мен қонақтарын сонда күтеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!