Теңгенің тарихын сөйлеткен коллекционер

Құнды жәдігер немесе тарихи өнер туындыларын жинау әр адамның жеке бас қызығушылығына байланысты. Түсіне білген жан үшін коллекционердің жеке қорында сақталған әрбір жәдігер тарихтан сыр шертер құнды дүние. Кейбіреулер мұны еріккеннің ермегіне балайды, енді бірі ақшаға деген құмарлық, тиын-тебенге құнығушылық деп ұғынуы мүмкін. Коллекционер адамның тірлігін екінің бірі түсінбесі анық. Бір анығы – мұндай адамдар тарихи сабақтастық қалыптастырып, өткеннен қалған дәлелді дәйек жинаушылар. Осындай ерекше адамның бірі қарағандылық коллекционер, саясаттанушы, қоғам қайраткері Серік Мұстафин.

Ол 30 жылдан астам уақыт бойы қазақтың және дүниежүзінің түрлі монеталарын, банкноттарын жинап, нумизматикамен айналысады. Бұл хоббиді сонау 1987 жылы дүкендегі бір сәттік саудадан кейін басталған. Алматыда оқып жүрген кезінде дүкеннен нан сатып алғанда, сатушы оған артық 20 тиынын кері қайтарған. Үйге келіп қарағанда ол ақша болгардың 20 стотинкасы екенін көрген. Ол бұл монетаны ұзақ уақыт зерделеп, осыдан кейін өз монеталар топтамасын жинаймын деген ой түйеді. Содан беріде қарағандылық нумизматтың коллекциясында әлемнің түкпір-түкпірінен алынған екі мыңнан астам банкнот пен алты мыңнан астам тиын жиналған. «Әлемде екі жүзден астам мемлекет бар, – дейді Серік Хамзинұлы, – менде әр елден бірекі тиын бар. Олардың бірқатарын достарым мен таныстарым сый ретінде берген. Көптеген монеталарды өзім интернет арқылы сатып алғам».

Серік Хамзинұлы қатардағы қарапайым коллекционер емес. Ол қолына түскен әр тиынның шығу тарихын, олардың қай кезеңде шығарылғанын, бұл тиындардың қай елден шыққанын зерттейді. Нумизмат қазақстандық мазмұндағы монеталарға көбірек қызығушылық танытады. Коллекционердің топтамасында осындай мыңға жуық монета бар. Олардың әрқайсысы өзінше қызықты. Қағаз тиындар да бар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шығарылған номиналы «1,3,5» теңгелік алғашқы қазақстандық банкноттар да бар. Оларда Әл – Фараби, Сүйінбай және басқа да атақты тұлғалар бейнеленген. Иә, бұл банкноттар айналымнан шығып үлгерді, бірақ олар әлі де құнды және қызығушылық тудыруда. Өйткені, бұл біздің тарихымыз, мәдениетіміз. Бір қызығы, көптеген монеталар мен банкноттарда ұлттық батырларымыз ғана емес, тұрмыстық заттар, қазақтың дәстүрлі тұрмыстіршілігінен алынған үзінділер, атап айтқанда «Тұсау кесу», «Қыз ұзату», «Қырқынан шығару» және т.б.бейнеленген.

1993 жылдан бері Қазақстанда әртүрлі монеталар шығарылды, оның ішінде 925 күмістен, саф алтыннан, тіпті 999 сынама бар. Барлық монеталар сертификатталған, өз атауы мен сериялық нөмірі бар. Ал Қазақстанның ұлттық валютасы бірнеше рет түрлі көрмелерге қатысып, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, қызықты монета «Алматы алмасы». Әр алманың үстіне алтын жалатылған. Бұл да өте қызықты ақпар. Қарағандылық нумизмат үшін ақауы бар, тарихы бар монеталардың құндылығы зор. Оның коллекциясындағы ең көне монета түрік сұлтанының 1376 жылғы теңгесі. Пішіні аздап бұзылған, ақауы бар. Тағы бір құндылық – Қазақстан Ұлттық банкі шығарған «Көшпенділер алтыны» сериясының монетасы. Ол жалпы өзінше қызықты көшпелі кезеңді бейнелейді. Археолгтар Қазақстанды мекендеген халықтардың алтын бұйымдарын, тұрмыстық бұйымдарын тауып жатқанда коллекционер үшін монеталар ерекше, олардың сонау замандағы орындалу техникасы таңсық. Ал қарапайым жұрт үшін қарағандылық коллекционердің теңгелік жәдігерлері таңсық. Хоббиі қызықты жерлесіміздің жиған жәдігерлік еңбектері Қазақстанның ұлттық валютасы күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен көрмеге арқау болды. Ұлттық валютаның 28 жылдық тарихынан сыр шерткен көрме «Көшпенділер алтынынан Тәуелсіз Қазақстан валютасына дейін» атауымен өтті.

Көрмеде Қазақстан Республикасының айтулы күндеріне орай шығарылған 200-ден астам коллекциялық мерейтойлық монеталар ұсынылды. Олардың қатарында «Көшпенділердің алтыны», «Қазақстан петроглифтері», «Жеті Қазына», «Оқиғалар», «Жануарлар» және т.б. Тәуелсіз Қазақстанның монеталары бар. Көрмеде қазақ халқының қолданбалы өнері, сәулет-тарихи ескерткіштері, салтдәстүрлері, спорт түрлері және т.б. бейнеленген теңгелермен танысуға болады.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

QH.