Теңгедегі депозиттер бойынша өтемақы алуға өтініштер беру мерзімі ұзартылды
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының деректеріне сәйкес теңгедегі депозиттер бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтініш беру мерзімі 2023 жылғы 10 ақпанға дейін ұзартылды. ҚР Үкіметінің Қаулысына 2022 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылды және ол бірінші ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік 10 күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Осылайша, бұрын өтініш беріп үлгермеген салымшылар теңгедегі салымдар бойынша өтемақы алуға өзінің келісімін растауы қажет. Мұны депозит ашылған банк бөлімшесінде, сондай-ақ ресми мобильді қосымшалар арқылы онлайн режимінде де жасауға болады.
Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің Қаулысында салымшының мұрагерлеріне төленетін өтемақы мөлшері, өтініш беру және өтемақы алу тәртібіне қатысты талаптар көзделген. Мұндай жағдайларда өтемақы есептеу рәсіміне байланысты мәселелер бойынша депозиттер ашылған банктерге жүгіну қажет.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда салымшыларды қолдау мақсатында жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) әзірленіп, 2022 жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген.
Өтемақы төлемдері 2023 жылғы 23 ақпаннан кейін басталады. 10% мөлшеріндегі өтемақы есептелуі мүмкін ең жоғары сома бір банкте 20 млн теңгені құрайды.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының деректеріне сәйкес екінші деңгейдегі банктер салымшылардан 303,9 млрд теңгеге өтініш қабылдады. Бұл өтемақының ықтимал жалпы сомасының 90,5%-ын құрайды