Теңге жайлы не білеміз?
Әр нәрсенің бастауы болады. Өсімдіктер тамырынан бастау алса, сарқырап ағып жатқан өзендер немесе жыламсыраған жылғалар әлдебір бұлақ көзінен бастау алады. Адам өмірі ана құрсағында жатқанда не болмаса дүниеге келген сәтінен, яғни туған күнінен бастау алады десек қателеспеспіз.
«Доллар», «еуро», «фунт стерлинг», «манат», «драхма», «динар», «рупия», «бат», «рубль» деген атаулар секілді біздің ақшамыздың да «теңге» деген ресми атауы бар.
1993 жылдың 15 қарашасы – төл теңгеміздің айналымға ресми енген күні. Жоғарыдағылар отырып-отырып «давайте, ертең мынадай ақша шығарамыз» дей салған жоқ. Бұл үлкен дайындықпен келген жауапты іс еді. Еліміз тәуелсіздік алысымен, өз ақшамыздың болуы тиіс екені жайлы мәселе көтерілген. Меңдібай Алин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Хайролла Габжалилов сынды білікті дизайнерлерден құралған арнайы топқа тапсырма да берілген. 1993 жылдың 12 қарашасында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы» жайлы Қаулысы шыққан болатын.
Тиыннан бөлек 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік қағаз ақшалар пайда болды. Бұл ақшалардың әрқайсысы елімізге белгілі тұлғалардың суретімен басылып шыққан болатын. Бір теңгелікте Әбу Насыр әл-Фараби (екінші бетінде – бабамыздың ғылыми сызбалары мен формулалары), үш теңгелікте Сүйінбай Аронұлы (екінші бетінде – Іле Алатауы), бес теңгелікте Құрманғазы Сағырбайұлы (екінші бетінде – әлдебір мавзолейдің суреті), он теңгелікте Шоқан Уәлиханов (екінші бетінде – Оқжетпес тауы), жиырма теңгелікте Абай Құнанбайұлы (екінші бетінде – атқа мінген бүркітші), елу теңгелікте Әбілқайыр хан (екінші бетінде – Маңғыстау үстіртіндегі тасқа қашалған жазбалардың бірінің суреті), жүз теңгелікте Абылай хан (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі) бейнеленген болатын. Бұл ақшалар айналымнан 2006 жылы шығарылған болатын. Сәйкесінше халыққа қолындағы ескі ақшалардан құтылу үшін бір жыл уақыт берілді.
Ең алғашқы теңгелеріміз Ұлыбритания елінде басылып шыққан болатын. Ал алғашқы тиын ақшаларымыз Германияда әзірленді. Өз ақшамызды өзіміз шығаратын күнге тек 1995 жылы жеткен екенбіз. Осы жылы елімізде банкнот фабрикасы ашылды.
Сонымен, 1993 жыл. Айналымда тиындар мен теңгелер бар. «Тиынды не үшін қыстырып отыр?» демеңіздер. Мәселен, сол замандарда он тиыныңыз болса, автобусқа жолкіреге еш уайымдамай мінетін едіңіз. Қазір 80 теңгеге нанды әрең табасыз ғой. Ол кезде 60 тиынға бір батон наны келетін болыпты. Кеңес заманының 500 рублі қазақтың 1 теңгесіне тең келетін ол замандар келмеске кетті. Қазір ондай бағаларды түсіңізде де көрмейсіз. Кейінгі жас буынға ертегі болып көрінуі мүмкін. Теңгеміз шыққан алғашқы уақыттарда 1 АҚШ доллары 5 теңгеге жетер-жетпес бағаммен өлшенетін.
1995 жыл. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өз теңгемізді өзіміз шығара бастадық. Теңгенің алғашқы қарқыны басылып, құнсыздана бастайтын тұсы. Айналымдағы қағаз тиындар алынып тасталды. 1993 жылы он тиынмен автобусқа мініп жүрген жұрт бұл жылы 2 теңге төлеуге мәжбүр болды. Ең жақсы деген бензиннің бағасы бір литріне 22 теңгеге дейін көтерілді. АИ-80 маркалы бензинді 16-17 теңгеге сатып алатынсыз. Жалпы, ол замандарда да қазіргідей егін салатын және оратын тұста жанармай қымбаттап, қыста бір-екі теңгеге арзандап отырған екен. Айтпақшы, алғашқы 1000 теңгеліктер дәл осы жылы шыққан болатын.
1996 жыл. Мың теңгеге енді-енді көз үйреткен жұрттың шошына-шошына 2000 теңгеліктерді қолына ұстаған жылы. Жұрт неге шошынды? ЖОО қаржы саласында бітіріп шықпаса да, мың, екі мың теңгеліктердің шығуының бекер еместігін сезіп, «бұл – әлі басы, әлі 5 мың теңгеліктер шығады» деген гу-гулердің желдей ескен тұсы.
1997 жыл. Бұл жылы бензин мен солярканың қымбаттағаны бала болсам да есімде қалған екен. Жайлауда жатқанбыз. Аудан жақтан келген бір кісі бензиннің тағы өскенін, ал солярканың екі есе қымбаттағанын айтып: «Жақында жаяу жүретін шығармыз. Жерді баяғы бабаларымыз секілді өгіз соқамен жыртатын болармыз», – деп күрсінгені әлі есімде. Қазір есептеп қарасақ, 16-18 теңге болып тұрған бензиніңіз 27 теңгеге дейін шарықтап кеткен екен ғой. Қазіргі бағаммен күлкілі сома, әрине. Бірақ ол замандарда бұл ақшаны табу оңай емес болатын. Мәліметтерге сенсек, сол кездегі орта есеппен алғандағы қазақстандықтардың жалақы көлемі 8 жарым мың теңге болған екен. Орташа жалақы көлемін қалай есептейтінін жобалағандықтан жұрттың көбі шамамен 5000 теңгеге дейінгі айлық алғанын сеземіз.
Айтпақшы, жиі түрленетін теңгеміздің монета нұсқасында өзгерістер пайда болды. 1, 5, 10, 20, 50 теңгеліктердің жаңа дизайнмен шығуы да тап осы жылмен байланысты.
1998 жыл ес біліп, етек-жеңін жинаған жұрт үшін жанар-жағармай бағасының түсуімен, доллар бағамының өсуімен есте қалған болар. Былтыр ғана 75 теңге болып тұрған бір доллар 84 теңгеге дейін көтеріліп шыға келген.
Әлгі, 1996 жылы «бес мың теңгеліктер шығады» деп айтып жүрген ағаларымыздың «Айттым ғой ана жылы. Шығады дедім. Шықты» деп өзін әулиеге балайтын тұс. 1998 жылы халық қолына тұтас бес мың теңгелікті алғаш ұстап көрді. Ал мен оны тек келесі жылы бір-ақ көрдім.
1999 жыл менің есімде несімен қалды? Мен ауылымыздағы тоғыз жылдық мектепті бітіріп, Балқаш қаласындағы әскери аэропортта жұмыс істейтін ағамның қолына 10-11 сыныптарды оқуға бардым. Есімде қалғаны – мынау. «Айлық алдым. Айлығымыз бір ғана қағаз ақшамен берілді. Қосымша бірдеңемен айналыспасақ болмас», – деген ағамның 5 мың теңгелікті столға тастағаны есімде… Айтпақшы, теңгенің еркін жүзіп үйренетін жылы – осы 1999 жыл. 80-85 теңгеге баланған бір доллар аяқасты 160 теңге болып шыға келді. Бірақ айналасы 3-4 күнде, не болғанын кім білсін, долларды 130 теңгеге тұрақтандырған екенбіз.
2000 жыл. Миллениум жылы. Жағдайлары онша емес болса да, қарапайым жұрттың көк жәшікке үңіліп, Роза Рымбаеваның босануын тағатсыздана күтетін жыл. Бір келі етті 250 теңгеге алып, бір литр бензин үшін 50 теңге төлеген қазақстандықтардың орташа айлық көлемі 14 000 теңгеден сәл жоғарырақ болған деседі. 200 теңгелік пен 500 теңгелік ақшамыздың дизайны өзгеріске енген жыл ретінде де есте сақтауға болады бұл жылды.
2001 жыл. Тиын ақшамыздың айналымнан ресми алынған жылы. Жалпы, теңге дизайнының өзгеруіне жұрттың көзі үйрене бастаған уақыт. Мың теңгелік пен екі мың теңгеліктің, бес мың теңгеліктің сырт келбетінің өзгеріп, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай мерейтойлық 5000 теңгеліктің шығатын жылы.
2006 жыл. 200 теңгеден бастап 10 000 теңгеге дейінгі ақшаларымыздың барлығының дизайны өзгерді.
2009 жыл. Араға он жыл салып елімізге девальвацияның екінші салқынының тиген жылы. Үшінші девальвацияны 2014 жылы еуро мен доллар курсының аяқасты өсуіне байланысты сезінген болатынбыз. Тап осы жылы 155 теңге болып тұрған бір доллар 185-188 теңгеге дейін секіріп кетті. Қазақстандықтардың көбі Ұлттық банк төрағасының аузынан «курстың ауытқу дәлізі» деген тіркесті осы жылы естіп, өзара әңгімесіне қосуды шығарды. Елдегі орташа айлық көлемі 120 мың теңгені құрады.
2015 жылдың 30 қарашасында өмірге 20 000 теңгелік ақшамыз келген екен. Төл теңгеміз еркін жүзудің хас шеберіне айналған жыл. Девальвацияның басты себебі – әлем нарығындағы мұнай бағамының күрт құлауы.
2018 жыл. Біз теңгеміздің қаласа құлаштап, шаршаса шалқалап жүзе алатынына куә болыппыз. Бастысы, су астына кетпейтінімізге көзімізді жеткіздік. Орташа айлық ақша көрсеткіші 152 мың 442 теңгені құрап отыр.
2022 жыл. Әзірге тұтас 30 мыңдық не болмаса 50 мыңдық теңге шықпады. Лайым солай бола берсін! «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дейтін елдің баласы ретінде әрқайсымыз төл теңгеміздің ғұмырының ұзақ болуыны тілейміз. Туған күніңмен, теңгем!