ТАЗАЛЫҚ АЙНАЛАНЫҢ АЖАРЫН АШАДЫ
«Таза Қазақстан» road-эстафетасы Қарағанды облысында жалғасты. Астанада «Amanat» партиясы ауқымды экологиялық акцияны, «Таза Қазақстан» road-эстафетасын, бастаған болатын. Экологиялық акцияға Қарағанды облысы да қосылды. Елордадан шыққан еріктілер Осакаровка ауданына жетіп, жол бойынан 4 сағаттың ішінде 13 тонна қоқыс жинады. Одан соң олар Қарағандыға келді.
Ал кешкісін Қарағанды қаласының Орталық саябағында ән шырқалып, ерекше акция өтті. Тұрғындар босаған бөтелкелер мен жиналған қоқысты арнайы сыйлыққа алмастырды. Бұған қоса жастар эстафета шеңберінде Шет ауданына да ат басын тіреді. Экошаралар аясында республикалық трасса қоқыстан тазартылды. Одан кейін олар Балқаш қаласына барды. Маршруттың жалпы ұзындығы 1200 км-ден асады және оның көп бөлігі Қарағанды облысын бойлай өтеді.
– Қарағандыдан Шет ауданы мен Балқашқа дейін біздің 250-ден астам ерікті арнайы эстафетаға қатысады. Эстафетаның ең ұзын шақырымы, яғни 700 шақырымы Қарағанды облысына тиесілі. Біз кейін эстафетаны Жамбыл облысына тапсырамыз, – деді «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Тазалық шарасы тек жол бойымен шектелмейді. Экологиялық акцияға қатысқандар автотұрақтар мен кемпингілерге де бас сұқты. Тазалық шаралары квадрокоптерлер арқылы аэробарлау деректері негізінде жүзеге асырылды. Тұрмыстық қатты қалдықтар қоқыс полигондарына шығарылды, қоқыстың бір бөлігі қайта өңдеуге жіберіледі.
«Amanat» партиясының жүздеген белсендісі және «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері де «Астана – Алматы» тасжолы бойының аумағын тазартты. Айта кетейік, аталған эстафета Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласының аумағынан өтеді және жалпы 6 ауданды қамтиды.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»