«Таза Қазақстан» – ұлтты тәрбиелеудің тиімді құралы
Былтыр елдегі ең елеулі жобалардың бірі – «Таза Қазақстан» бағдарламасы болды. Президент бастамасымен жолға қойылған бағдарламаға Қазақстан халқы бір кісідей атсалысты. Аталған жоба экологиялық мақсаттан бөлек, өскелең ұрпақ бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік, экологиялық жауапкершілік құндылықтарын сіңіруді көздейді.
Жобаға жыл ішінде 6,5 млн қазақстандық қатысты. Мұнда жастардың еңбекке араласуына ерекше мән берілді. Жалпы саны республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өткізілді. 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылып, 1 млн гектардан астам жер тазартылды. Соның нәтижесінде шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Осылайша Президент пәрменімен басталған жоба жыл ішінде өзін барынша тиімді бағдарлама екенін танытты. Және жас ұрпақты тәрбиелеуде, еңбекке баулуда, отансүйгіштік сезімдерін бойларына сіңіруде таптырмас құралға айналды.
