Таулы аймақтағы веложарыс
Қарқаралының әсем табиғаты тағы бір мәрте үлкен спорт додасына куә болды. Биыл мұнда алғаш рет маунтинбайктан (таулы аймақтағы веложарыс) Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылып, елдің әр өңірінен жиналған сайыпқырандар мықтылықтарын сынады.
Жарысқа Астана, Қарағанды және Теміртау қалаларынан келген 40-тан астам спортшы қатысты. Олардың қатарында кәсіби спортшылармен бірге жасөспірімдер, ардагерлер және әуесқойлар да болды. Ерекше айта кетерлігі, 60 жастан асқан ардагерлер санатында Англиядан келген қонақ – Саймон Коттерел бақ сынады. Қазір жұбайымен бірге Астанада уақытша тұрып жатқан ол жарыс туралы естіп, Қарқаралыға арнайы ат басын бұрған.
– Қатысушылардың арасында шетелдік спортшының болуы біз үшін үлкен мәртебе. Саймон жарысқа қызығушылықпен келіп, Қарқаралының саф табиғатына тәнті болды. Өз санатында екінші орынды иеленді. Оның «Қарқаралы табиғаты бастапқы қалпын жоғалтпай, әлі күнге дейін ерекше сақталған» деген сөзі бізге де ой салды, – дейді жарыстың ұйымдастырушысы Думан Бүркітұлы.
Маунтинбайк жарысының басты ерекшелігі – трассаның күрделілігінде. Бұл жолы спортшылар 23 шақырымдық бағытты еңсерді. Қатысушыларды төмен қарай құлдилайтын тік беткейлер, биік өрлер, құмды және тасты жолдар, кедергілерге толы учаскелер күтіп тұрды. Дегенмен ұйымдастырушылар жарыс алдынан арнайы бағыт белгілерін қойып, қатысушылардың адасуына жол бермеді.
Жарыс ережесіне сәйкес спортшылар арнайы таулы велосипедтерде күш сынасты. Қатысушылар төрт санат бойынша бақтарын сынады: 13-17 жас, 18-39 жас, 40-59 жас және 60 жастан жоғары ардагерлер. Бұған қоса, барлық спортшы арасынан абсолютті чемпиондар анықталды.
Нәтижесінде абсолютті чемпион атағын Қарағанды облысының спортшысы Артём Мерсиянцев жеңіп алды. Екінші орын қарқаралылық Дамир Сақбосыновқа бұйырса, үздік үштікті тағы бір қарағандылық – Павел Ефимов түйіндеді.
– Негізгі спорт түрім – шаңғы марафоны. Көптеген халықаралық жарысқа қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Сонымен қатар маунтинбайкпен де айналысамын. Еуропада талай жарыстарға қатысып, мол тәжірибе жинадым. Қазір сол тәжірибемді туған елімде бөлісіп, жаңа буын спортшылардың өсуіне үлес қоссам деймін. Маунтинбайк – олимпиадалық спорт түрі. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстанда ол әлі қарқынды дами қойған жоқ. Қазір Алматы, Бурабай және Қарқаралыда ғана жарыстар өткізіледі. Трасса таңдауда қиындық көп, себебі ол міндетті түрде таулы әрі күрделі болуы тиіс. Дегенмен, елімізде мұндай мүмкіндіктер бар, – деді Думан Бүркітұлы.
Ұйымдастырушының айтуынша, мұндай жарыстарды өткізу дәстүрге айналмақ. Сонымен қатар Думан Бүркітұлы биылғы қыста дәстүрлі шаңғы марафонын өткізуге ниетті. Бұл шара Қарқаралыда бес жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді.
Осылайша Қарқаралы жерінде өткен Қазақстан чемпионаты спортшылардың шеберлігін ғана емес, өңірдің спорттық әлеуетін де паш етті. Жарысқа қатысқан әрбір спортшы үшін бұл дода тәжірибе алаңы әрі табиғат аясындағы ерекше әсерлі сапар болды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

