Тасқынға тосқауыл болуға дайынбыз ба?
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов және Қарағанды облысы «Қазгидромет» РМК филиалының Гидрология басқармасының басшысы Ілияс Сейтқалиев қатысқан брифинг өтті. Талқыдағы басты тақырып – аймақтағы су тасқынына дайындық мәселесі.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысында жағдай тұрақты, өзендер қысқы режимде. Негізгі дайындық жұмыстары 2022 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде жүргізілді.
Қарағанды қаласындағы ұзындығы 7,2 шақырым Солонка өзенін қалпына келтіру және Осқакаровка ауданындағы Ақбастау өзенінің 3,5 шақырымын қалпына келтіру, Нұра өзенін қалпына келтіру сияқты ірі жобалар жүзеге асырылды. Ғ.Мұстафин атындағы елді мекеннің ауданы 4,7 км суқоймасын қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Бұқар жырау ауданында жағалау бекіту, Нұра өзенінің арнасын тереңдету, сондай-ақ Нұра және Соқыр өзендері арқылы өтетін көпірлерді қайта жаңарту жөнінде 4 шара жүзеге асырылуда. Бұл – елді мекендерді су басу қаупін барынша азайтады.
Бүгінгі таңда 13,9 шақырым қорғаныс бөгеті мен қорған тұрғызылып, нығайтылды, су басу қаупі бар өзендердің 20 шақырым арнасы қалпына келтірілді, 1,8 шақырым су бұру арналары салынды, 17,2 шақырым су бұру жүйелері тазартылды.
– Қалалар мен аудандарда қар шығару жұмыстары белсенді жүргізілуде. Облыс бойынша шығарылған қар көлемі 850 мың м³ құрайды. Облыста су басу қаупі бар 149 елді мекен, 99 жол учаскесі, 237 су шаруашылығы нысаны ерекше бақылауға алынды, – деді Ақылбек Ахметжанов.
Қазіргі таңда су басу қаупі бар аумақтардың барлығында алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 3 440 адамнан тұратын азаматтық қорғау аумақтық кіші жүйесінің барлық күші мен құралдары, 1 388 техника жоғары дайындық режиміне қойылды.
Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қатаң бақылауда.