Тасқынға тосқауыл

Қарағанды облысында көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар толық аяқталып, өңірдегі жағдай тұрақты бақылауға алынды. Жауапты мекемелердің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде биылғы тасқын кезеңіне дайындық жоғары деңгейде жүргізіліп отыр.

Облыс аумағында барлығы 132 алдын алу шарасы жүзеге асырылып, 25 шақырымға жуық қорғаныс біліктері салынды. Сонымен қатар, 21 шақырымнан астам арықтар мен су арналары тазартылып, 28 шақырымнан астам өзен арналарына санация жұмыстары жүргізілді. Бұл – су өткізу қабілетін арттырып, ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған нақты қадамдар.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Думан Далешовтың айтуынша, өңірде инфрақұрылымдық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінген:

«Автомобиль жолдарының 54 учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылды. Сонымен қатар Самарқанд, Жартас су қоймалары, Тоғызқұдық және Жастілек бөгеттерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді».

Сондай-ақ, су тасқыны қаупі бар 139 елді мекен, 130 қауіпті жол учаскесі және 217 су шаруашылығы нысаны ерекше бақылауға алынған. Бұл бағытта мониторинг тұрақты жүргізіліп, жағдай тәулік бойы қадағаланып отыр.

Қыс мезгілінен бері қар шығару жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Жалпы көлемі бойынша елді мекендерден қар шығару, су бұру арналары мен каналдарды тазарту жұмыстары жүйелі түрде іске асқан. Атап айтқанда, 6,2 шақырым су бұру каналдары салынып, 68 шақырым арықтар мен каналдар және 1 172 су өткізгіш құбыр тазартылған.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өңірде 6 жедел топ құрылған. Қажетті техника мен материалдық-техникалық ресурстар толық дайындыққа келтіріліп, кез келген жағдайға жедел әрекет ету мүмкіндігі қамтамасыз етілген.

Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда гидрометеорологиялық жағдай тұрақты. Өзендер қысқы режимде, ал топырақтың қату тереңдігі өңір бойынша 30-дан 150 сантиметрге дейін өзгеріп отыр.

«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, облыстың шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктерінде – Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында топырақтағы ылғалдылық деңгейі қалыпты мөлшерден жоғары. Бұл жағдай көктемгі кезеңде су көлемінің артуына әсер етуі мүмкін.

Алдын ала жасалған болжамдарға сүйенсек, әсіресе Нұра және Шерубай-Нұра өзендері бойындағы елді мекендерде су деңгейінің көтерілу қаупі жоғары болып отыр. Дегенмен, жауапты органдар бұл бағытта алдын алу шараларын күшейтіп, жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.

Жалпы алғанда, Қарағанды облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіліп, ықтимал қауіптердің алдын алуға нақты негіз қаланды. Ең бастысы – табиғи қатерге қарсы дайындық тек есеп үшін емес, нақты қауіптің алдын алуға бағытталған тиімді шаралармен бекітіліп отыр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»