ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ БАЙ ҚАРАҒАНДЫ

Қарағанды – тамыры терең, тарихы бай қала. Сарыарқа өлкесінен ақын да, батыр да, ғалым да шыққан. Қара өлеңнің қағбасы, қара алтынның ордасы Қарағанды шаһарының қойнауы толған сыр. Ал осы өңірдің тарихи-мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау және оны кеңінен насихаттау – тұрғындардың міндеті. Осы жолда еңбек етіп жүргендердің бірі – суретші, өлкетанушы Юлия Ляндаева. Ол екі жылдан бері әлеуметтік желіде «Жоғалмай тұрғанда…» деген атаумен жұртшылықты қаланың тарихи орындарымен таныстырып келеді. Осынау отансүйгіш жанмен біз де сұхбаттасып көрген едік.

– Бұл жобаны жасау ойыңызға қайдан келді?
– Мен тарихты ерекше жақсы көремін. Ғимараттарға, қаламыздағы нысандарға қызығушылық таныта бастадым. Алдымен серуен кезінде ұнаған дүниелерді суретке түсіріп жүрдім. Кейін кейбір құнды элементтерге, ғимараттарға жеткілікті назар аударылмайтынын, қалпына келтірілмейтінін және уақыт өте келе олардың жоғалып кететінін байқадым. Осы құнды дүниелердің тым болмаса суретін сақтап қалғым келді.
Басында жеке парақшамда жариялап жүргенмін. Біршама уақыттан кейін олардың саны көбейе бастады. Өзіме ұнаған ерекше суреттерді ашықхат ретінде басып шығарып, достарыма таныстарыма сыйлай бастадым. Кейін сұраныс көбейген соң, сата бастадым. Қазіргі уақытта менде суреттер жиынтығының 50-ден астам түрі бар. Алайда көкейімде «бұл ғимаратты кім салған, мозаиканы кім жасаған, қандай суретші, қандай сәулетші, сол ғимараттың жобасында кім жұмыс істеді екен?» деген сияқты сұрақтар пайда бола бастады. Ғаламтордан іздеп, кітаптан оқып іздене бастадым. Тапқан мәліметтерімді парақшамда бөлісіп отырдым. Оны көрген достарым бірге серуендеуді ұсына бастады. Уақыт өте келе менде адамдар үшін осындай серуен жоспарын жасау идеясы пайда болды. 2019 жылдың соңында осы жобаны бастаймын деп ойлағанмын. Бірақ келесі жылы бізде карантин басталып кетті де, тағы 2 жылға шегеріп қойдым. 2022 жылы құрбым екеуіміз серуендеп жүргенде, ол маған: «Юлия, білетініңді бөлісуді баста», – деп ұсыныс айтты. Сосын белді буып бастап кеттім.
– Ал серуен кестесі қалай жасалады? Келушілер қарасы көп пе?
– Ең алғашқы серуенге тек жақын достарым жиналды. Бар болғаны 13 адам Жамбыл, Абай көшелерін араладық. Костенко, Алалыкин, яғни біздің қаланың ең көне бөлігін көрсеттім. Қазір енді 1 серуенге 3 сағат уақыт бөлемін. Жазда күн ыстықта қиындау, бірақ барынша көп дүние көрсеткім, көп ақпарат бергім келеді. Мұндай серуендерге өзімнің сүйікті жерлерімді, қаладағы сүйікті нысандарымды қосамын. Содан кейін картаны ашып, осы бағытты белгілеймін. Алдымен өзім жалғыз жүріп өтіп уақытын есептеймін. Айтатын дүниелерімді түртіп жазып аламын, егер сол маңнан қызық дүние табылса, оны да қосып отыруға тырысамын. Сондықтан серуен кестесі үнемі жаңарып отырады. Адамдарды тіркегенде бір топта 10 адамнан асырмауға тырысамын. Себебі оларды басқару, жамыратпай тыңдату қиынға түседі. Олардың әрқайсысына көңіл бөліп сөйлесіп, сұрағына жауап беру керек қой. Қала ішінде 10 маршрут бар, одан бөлек іргелес Саран, Теміртау, Майқұдыққа да барып тұрамыз. Әдетте адам жинауды мамырда бастаймын. Қыста Қарағандының суығында жүру қиын ғой.
– Осы жұмыстың барлығын жалғыз жасайсыз ба? Қай орынды ерекше жақсы көресіз?
– Былтыр қасыма досым қосылды. Ол да бірнеше маршрут жасады. Ол әдетте балалармен серуендейді. Бізде балалар үшін арнайы әзірленген бір бағыт бар. Ол қысқарақ әрі балалар оңай қабылдайтын жеңіл ақпарат айтылады. Негізі, мен суретшімін. Осы жобаны бастағаннан бері өзімді өлкетанушы деп атап жүрмін (күлді). Әрине, сүйікті орным көп, бірақ ең ерекшесі – Алалыкин көшесі. Менің студенттік жылдарым осы көшемен байланысты. Ол да – қаланың ескі көшелерінің бірі. Абай көшесін кесіп өтіп, Назарбаев даңғылына тіреледі. Өте кішкентай, тыныш, жайлы көше. Онда әдемі ғимараттар орналасқан. Жалпы, Алалыкин көшесінің атауы медицинамен байланысты. Яғни Алалыкин – алғашқы хирург, бұл көше Қарағандының алғашқы дәрігерінің құрметіне аталған. Қазір ол көшеде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот бар. Ол 1958 жылы салынған, қазір мемлекет қорғауында. Сәулетші – жерлесіміз Рүстем Сейдалин. Ол жалпы Қазақстан сәулетінің атасы саналады. Мәскеуде сәулет өнерін бітіріп келіп, Қарағандыда жобалаумен айналысқан. Сондай-ақ көп жыл бойы Қазақстан Сәулетшілер одағын басқарған. Сондықтан мен осы ғимаратқа қарасам, оны, осы оқиғаны есіме түсіремін. Осындай ерекше жанның біздің қаламызда да ізі қалғанына қуанамын.
– Бұл жоба сізге не береді?
– Бұл іс жүрегіме тыныштық сыйлайды. Адамдардың қызығушылығын көргенде, оларға ұнағанын, таңданысын көргенде өзімді бақытты сезінемін.
Жаяу серуендеуге көп адам келеді, тек мен ғана емес, олар да өз естеліктерін, білетін дүниелерін бөліседі. Осы арқылы өзім де білмегенімді біліп жатамын. Кейде адамдар: «Мен бұл жерден күнде өтемін, қалай байқамағанмын…» – деп таңғалып жатады. Егер адамдардың жаңа дүниені білуіне ықпал етіп жатсам – мен үшін қуаныш. Осының арқасында адамдар қаланы барынша жақсы көре бастайды, оның кішкентай бөлшектеріне көбірек назар аударады. Мен де бәрін білемін деп айта алмаймын. Ешқашан бәрін білу мүмкін емес. Бірақ Қарағанды туралы жинаған білімім одан да көп ақпарат іздеуге итермелейді. Жеке өзіме қатысты айтар болсам, бұл тірлігімнен жағымды әсер аламын. Қарағандымды одан сайын жақсы көріп кетемін.
– Жаңа орындарды, жаңа ақпараттарды қайдан табасыз?
– Шынын айтсам, мен үнемі ізденісте жүремін. Тіпті бұрыннан таныс орындардан жаңа дүниелер, мәліметтер байқап қалып жатамын. Интернет көздері, кітаптар, мақалалар оқуды ұнатамын. Әр түрлі факт жеткізу керек. Айтып жатқан деректің шын-өтірігін де анықтау керек. Қазір ғаламторға толық сене алмаймыз. Жаңа орындар табуға маған әлеуметтік желідегі оқырмандарым да көмектеседі. Кейбірі ескі Қарағандының отбасылық альбомда сақталған суреттерін жіберіп жатады. Серуенге келгендердің ортасында бала кезінде үлкендерден естіген әңгімелерін айтып беретіндер болады. Мен өзім экскурсия кезінде құрғақ ақпарат айтпауға тырысамын. Себебі адамдарды жалықтырып жібереді. Сондықтан түрлі оқиға, әңгіме, аңыздарды іздеп жүремін. Танымал тұлғалар туралы, сол ғимаратта өмір сүрген адамдар туралы қызық деректерді айтып беремін. Әрі мұндай әңгімелер адамдардың есінде қалады.
– Болашақ жоспарларыңызды бөліссеңіз. Жобаны кеңейту ойда бар ма?
– Болашаққа жоспар көп. Бұл мәліметтер тек әлеуметтік желіде қалғанын қаламаймын. Биыл – сүйікті қаламыздың 90 жылдық мерейтойы. Менің Қарағандым ғасырлық тойына бір табан жақындады. Осындай ерекше, құпияға толы тарихи қалада тұратыныма қуанамын. Біздің қаланың өткені оңай болған жоқ. Соғыс кездерінде де ең көп еңбек еткендердің бірі болдық. Қарлаг ызғары әлі де ел есінде. Тіпті Тәуелсіздік көтерілісі кезінде Алматыдан кейінгі үлкен толқын бізде болды. Жастарымыз әр кез ұшқыр ойлы, еркін болуға тырысатын. Қазір Қарағанды барынша дамып келе жатыр. Мерейтойға орай жеке зерттеулерімнің нәтижесін жинақ етіп шығарғым келеді. Ол қазақ оюлары мен Қарағандының кеңестік дәуірдегі архитектурасына арналмақ. Дегенмен оның барлығын зерттеп, суретке түсіріп дайындау керек. Жоспарыма орай қыркүйек айында жарыққа шығады деп ойлаймын.
Әрине, сөз соңында қала тұрғындарын мерейтоймен құттықтаймын. Біздің қаланы толықтай сүю үшін тарихын білу қажет. Бәрі неден басталғанын, қалай дамығанын, қандай тағдырлар тоғысып, қандай оқиғалар орын алғанын білген жөн. Бұл болашақтың еншісінде. Қарағандымыз өркендей берсін деп тілеймін.
– Сырлы сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз!