ТАМАША ТАРИХИ-ТУРИСТІК КЕШЕН

Талды тарихи-археологиялық паркінің құрамына енетін Қаражартас қорымындағы ең ірі Беғазы-Дәндібай кесенесінің табылуы ғылым үшін үлкен жаңалық болды. Осыдан төрт жыл бұрын қайта қалпына келтірілген бұл ескерткіш келешекте туристік кешенге айналмақ. Бұл туралы Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы басшысының орынбасары Жанболат Манарбекұлымен сұхбат жүргіздік.

— Талды тарихиархеологиялық паркі туралы айта өтсеңіз: қай дәуірдің мәдениетіне жатады? Қай жылы табылды?

— Шет ауданының аумағында орын тепкен Талды тарихиархеологиялық паркі – тас, қола дәуір, ерте темір ғасыры, орта ғасыр және заманауи этнографиялық кезеңдерді қамтитын ескерткіштердің шоғырланған жері. Ескерткіштердің ашылуына өткен ғасырдың 40-50-жылдары Әлкей Марғұланның бастамасымен жүргізілген экспедиция сеп болған. «Орталық Қазақстаның экспедицисы» деп аталатын зерттеу жұмыстары 1946 жылы басталған. Толық зерттеп, тарихи тың деректер қалдырған да – Әлкей Марғұлан. 2010 жылдан бастап, облыс әкімдігінің қолдауымен, мәдениет басқармасының қаржыландырумен, біз де осы аумақта археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын пирамида тәріздес кесене табылды. Ол — баршамызға белгілі, «Сарыарқа пирамидасы» аталып кеткен «Қаражартас» қорымы. Қорымның маңында ірілі-ұсақты ескерткіштер өте көп. Барлығы Талды өзенінің бойында орналасқандықтан, кешенді «Талды» тарихи-археологиялық паркі деп атадық. Биыл, төртінші жыл қатарынан, қазба, зерттеу, қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Табылған бұйымдардың барлығы қоладан жасалған. Қыш құмыралар, адам және жылқы сүйектерінің табылуы – ескерткіштің қола дәуіріне жататындығына дәлел. Талды өзені бойын адамзат баласы ежелден қоныс еткен екен. Андроновтар, сақтар, ғұндар, түркілер, алтынордалықтар, қазақтар… Осылай жіктеп кете беруге болады. Оған түрлі себеп болуы мүмкін. Қысы-жазы кенезе кептірмейтін өзен ылғалы мен қолайлы климат, жанға, малға жайлы шұрайлы топырақ, айналаны түгел шолуға мүмкіндік беретін ыңғайлы жер бедері. Арғысын айтып тауысу мүмкін емес.

 — Бір ғана Талды өзенінің бойында қанша ескерткіш, тарих жатыр дейсіз. Ал, жалпы, өңірде қанша тарихи орын бар?

— Сарыарқаның әрбір тасы, топырағы тұнып тұрған тарих. Ақтоғай кентінде орналасқан, дүниежүзі мойындаған БеғазыДәндібай мәдениеті де біздің өңірде орналасқан. Сонау, тас ғасырынан бүгінгі күнге дейін жеткен үш мыңнан астам ескерткіш бар. Оның ішінде, әлемге әйгілі Алаша хан, Жошы хан, Болған ана, Кетбұға кесенелері де бар. 2018 жылы еліміз бойынша «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» деген мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. Осы жоба аясында біздің облыстан 64 нысан республикалық маңызы бар деп танылды.

— Талды өзенінің бойында кешен құрудағы мақсат қандай?

— Парк Қарағанды-Балқаш  тасжолында орналасқан. Аталмыш жол құрылысы аяқталса, тарихи орындарға барып-келу, экскурсия жасау, туризмді дамыту оңайға соғады. Осы мақсатта мәдениет басқармасы туристерге арналған кітапшалар жасап шығарды. Бұл кітапшалар мен альбомдарда ақпараттың бәрі үш тілде берілген. Ескерткіштердің ашылу тарихы, орналасқан координаттары, суреттері де осы кітапшаларда. Кешенді құрудағы тағы бір мақсат — өңірдегі жас тарихшыларды еңбекке баулу. Мәселен, Қарағанды университетінің тарих факультетінің студенттері жыл сайын осы кешенде істәжірибеден өтеді. Мектеп оқушылары да экскурсияға барып, тарихымен таныса алады. Осы жылы сәуір айында еріктілермен барып, кешен аумағында тазалық жұмыстарын жүргіздік.

— Қаражартас қорымы Мысыр пирамидаларын еске түсіреді дейді. Екі тарихи ескерткішті не байланыстырады?

— «Пирамида» дегенде, бәрінің көз алдына Египеттегі үшбұрышты қабырғалы пирмидалар елестейді. Ал, біздің пирамиданың құрылысы мүлдем басқаша. Ол әрқайсысы үш тоннаны құрайтын тастардан саты тәрізді етіп жасалған. Сондайақ, Қаражартас пирамидалары Мамырдағыдан 500-600 жыл ертеректе салынған. Қазақ жеріндегі мәдениеттің дамуы батыс елдерінен бірнеше жыл алда жүргені белгілі. Мәселен, қазіргі таңда үйімізге орнатып жүрген «Теплый полға» ұқсас жылыту қондырғылары осы Қаражартас қорымынан табылған.

 — Қазба жұмыстары барысында қорымнан тағы қандай ерекшеліктер байқалды?

— Жерлеу ерекшелігіне келетін болсақ, бұл ең алдымен жылқыны қоса жер қойнауына берумен айрықшаланады. Қару-жарақ та қоса жерленген қорғандар көптеп кездеседі. Оның тұсына топырақтан, не болмаса, тастан тұрғызылған қабірлер орналастырылатын. Қабір аумағын қоршай тұрғызылған тастар да өте шебер қашалған деуге тұрарлық. Ондай қабірлердің үсті де тас-плиталармен жабылатын болған. Ер адам қабіріне қаружарақ тиесілі болса, әйел адам тұсына бағалы әшекейлер, қыш бұйымдар қойылатын болған. Бұл зерттеулер Қазақстан тарихындағы жазу үрдісі пайда болмаған кезеңдерді қамтиды. Сондықтан, заманауи технологиялар мен дәйекті дәлелдер тарлан тарихтың бедерлі беттерін байыптауға мүмкіндік бермек.

— Кешеннің ашылуы қай уақытқа жоспарланып отыр?

— Тиісті зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Сондықтан, алдағы жылдары туризмді түлетудің төте жолына айналатын «Талды» археологиялық паркінің игілігін көрер күн де алыс емес. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына өңірімізден тарту ретінде күзде ашылады деп күтілуде.

 — Сұхбатыңызға рахмет!