Талантқа техника қосу керек
1936 жылдың сәуірінде Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланған Қасымның «Талантқа техниканы қосу керек» деген мақаласының атауын сөз басында сол күйінде алып отыруымыздың себебін бірден ашық айтайық. Ол – Қасым сөзінің қасиет- құдіреті. Қасым сөзі – «шинель» де емес, «шекпен» де емес, «етік» те емес. Қасым сөзі – найза. Үкілі найза. Қасым – қазақ өнерінің үкілі найзасы! Қазақтың әні мен өлеңін найзадай көтеріп келген де, Шығыстың аласа аспанын түңдіктей түріп тастаған да Қасым! Қасым – асыл жары поэзияға тең болсам деп арман еткен ойшыл ақын. Ежелден еркебұлан, еркін өскен терең ойдың құдығын қаза білген сол баяғы бір Қасым!
Соған айғақ, дәлел, дерек ретінде Қасымның музыка мен музыканттар туралы жазбасында әлімсақтық, байырғы мәдениеттің «техника» атты термин сөзін асқан білімпаздықпен арқау етіп алғандығына назарларыңызды аудармақшымыз.
Біз үшін Қасымның «Талантқа техниканы қосу керек» деген ойсөзінің құндылығы автордың «техника» терминін үйреншікті болып кеткен қолөнер кәсібі, оның өнімін әзірлеудегі іс-қимыл барысы, амал-әрекеттер жиынтығы деп емес, техниканың арғы атасы көне грек «τεχνη» терминінің негізгі мағынасында, өте орынды, ретін танып қолдана білуінде болып тұр. Көне термин сөз «τεχνη» мағынасы – өнер, білім, ғұмыр. τεχνη – көзге көрінбесті, білінбесті ашып беруші, айқындаушы, ақиқатты жүзеге асырушы. Қасым ақындықтан өзге бірнеше музыка аспаптарында ойнай білген, нотаға сауатты, ән жазған, театр сыншысы, журналист, өнер қайраткері. Тегінде, бала шәкірт Қасым Семей қаласында оқуда жүргенде бір мықты ұстаздың мектебін көрген сияқты.
Қасым мақаласы Орал қаласында өткізілген күйшілер мен музыканттардың слеті – байқауынан жасаған әрі қысқа, әрі нұсқа сынрепортажы. Қасымның мақаласы оның Оралдағы облыстық театр студиясына биліктің бұйрық-жарлығы бойынша жетекшілік қызметте жүргенде жазылған дүниесі.
Өйткені, Қасым Аманжолов 1932- 1936 жылдары Батыс Қазақстан облысының орталығы Оралда өмір сүрген. 1934 жылдың мамырында «студия-театр» ретінде құрылған оқу орнының ісі өнбей, күтулі нәтиже болмай қойған соң, 1935 жылдың наурызында облыстық партия мен облыстық атқару комитеті өздері тексеру жүргізіп, жетекшілік етуге «Екпінді құрылыс» газетіндегі Қасым Аманжоловты бекітеді. Әрине, бұл шарасыздықтан туындаған тағайындау еді, Қасымның арнаулы салалық білімі жоқ, Алматыдағы оқу-ағарту комиссариаты қажетті маман жібермей қойған. 1934 жылы студия-театр құрғанда бұл оқу орны 8 ай ішінде болашақ қазақ драма театрына керек актерлерді дайындап шығаруға міндетті еді. Бірақ, ұйымдастыру кезеңінде жіберліген қателіктердің нәтижесінде қазақ драма театрын құру жоспарының орындалмай қалу қаупі туады, бір жылда бес директор келіп, бес директор кеткен. Бір жылдың ішінде 32 оқушы студияға кіріп, біраз уақыттан кейіін оқуды тастап кетсе, сол уақытта 10 оқытушы ауысқан. Жергілікті билік жедел арада, шұғыл түрде өз күштерімен студия мәселесін шешуді, істі дұрыс жолға қоюды ойластыра бастайды. Театр ісін тез арада, бірден өз бетімен жүргізіп алып кете алатын, оқу мен тәжірибені үйлестіріп, үйіріп, өрел болар, жан-жақтан жасақталып жатқан жаңа ұжымды басқара алар кісі іздестіре келе бәріде бір ауыздан Қасымның кандидатурасына тоқтайды.
Қасым Аманжоловтың 1935 жылдың басында өзіне билік сеніп тапсырған істі аброймен атқарып шығарғанына дәлел ретінде «Екпінді құрылыс» газетінің 1936 жылдың 31 желтоқсанындағы нөмірінде жарияланған мақала дәлел.
Біздің қолымызға түскен деректер бойынша, Қасым Оралда қазаққа белгілі екі кісімен жүздесіпті. Бірі, Қасымды Оралда 1934 жылы күзде іс сапармен жүргенде кездестірген Жайық Бектұров. Екінші кісіміз – Сәбит Мұқанов. 1935 жылдың наурызында Оралға қазақтың өнері мен әдебиетінің мәселелерімен келген Сәбит Мұқанов «Екпінді құрылыс» газеті редакциясының ғимаратында жергілікті ақын-жазушылармен жолығады. Бұл, Сәбит Мұқановтың 1932-1935 жылы оқыған Москвадағы қызыл профессура институтының әдебиет бөлімін бітіріп келген кезі болар. Газет қызметкерлерінің алдында, оның ішінде, әрине Қасым да бар, С.Мұқанов «қызыл профессураны» бітірген соң бір сыпыра сауатты болғанын ерекше атап өтеді. С.Мұқановтың өзі де куәлік етеді: «Сөзім – оқ, үнім – найза түйреп қасты, Даусымды арпалысқан күрес ашты…» Жалғандық пен жасандылықты жалау еткен бұралқы, бұзық, бүлікшіл ВКП(б) қас заманның құдайы іспеттес еді. Шумерлер өз құдайларын «музыкант» деп атағандығы туралы әңгіменің шығу тегі жалпы әлемді ақыл, ой, ес, парасат билейді, басқарады деген пікірге байланысты. Мына, адам баласының көзіне көрінген, ақылмен білінген, жүрекпен сезілген бар нәрсе – Жаратушының емеуріні. Емеурін – жұмбақ, тұспал тіл, сырлы сыбыр. Тұспал сөз. Мақсат, ниетті аңғартатын нышан, ым, біліну, көріну. Ымды білмеген, дымды білмес. Алла тағала адам баласын не үшін жаратты? Өсіп, өнсін деп. Сол өсіп-өну жолында адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек, ешкімге қас сағынбастық, зарар келтірмеу, әрбір ісің таза ниетті, арқа сүйерлік шеберлікпенен болуы. Ғұмырдың өзі ғалами ғылымның бір көрінісі, білінуі. Білінгенді білмек үшін – таланты адам бойына біткен бар қабылет, қасиетін, дарынын дамытып, жетілдіруге міндетті. «Талант» – көне гректік сөзі. Оның бір мағынасы ежелгі Палантин антологиясында жазылған: соттың тезі, әділдік таразысы. Таразы да, қазы да өз бойыңда болу үшін талантқа техниканы қос дейді Қасым.
Марат АЗБАНБАЕВ,
Қарағанды.