Талайды арбаған алаяқ ұсталды
Қарағанды тұрғындарын арбауына түсіріп 81 миллион теңгені қолды қылған алаяқ құрықталды. Анықталғандай, қолға түскен күдікті Ресей Федерациясының азаматы екен. Ол сыбайластарымен бірге кеншілер мекені тұрғындарын косметологиялық қызмет көрсетемін деп алдап қарызға батырған.
Полицияның дерегінше, 2021 жылдың 8 сәуірінде Қарағанды қалалық Полиция басқармасы Орталық полиция бөліміне бірнеше тұрғын хабарласып, алаяқтардың үстінен шағым түсірген. Шағымданушылардың барлығы бір фирманың жымысқы әрекетінің құрбаны болғанын жеткізіпті. Осы арыз-шағымдардың негізінде ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген.
Істі құрамына облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі Н.Оразов және Қарағанды қаласы Полиция басқармасы Орталық полиция бөлімінің тергеушісі А.Кенжеахметов кірген тергеу тобы тексерді. Кәсіби мамандар іс-қимылының арқасында қылмыстың барлық мән-жайы мен қатысушылары анықталды. Күдікті ретінде Ресейдің 59 жастағы азаматы ұсталып, жауапқа тартылған.
Ол косметологиялық қызмет көрсету үшін клиенттермен келісімшарт жасасқан екі фирманың бас директорымын деп таныстырған.
Жәбірленушілердің жалпы саны – 281 адам. Материалдық шығын 81 млн теңгені құрады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ал жәбір көрген қарағандылықтар өздеріне көмек көрсетіп, алаяқтарды ұстаған полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Жәбірленушілер Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллинге: «Полиция қызметкерлеріне бізге, жәбірленушілерге, кәсібилікке, жеделдікке, қылмыстық істі тергеудегі бейтараптыққа жанашырлығы үшін алғыс білдіреміз! Олардың жедел әрекеттерінің арқасында іс сотқа жеткізілді», – деп хат жолдады.
Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ,
«QH»