Такси қызметіне талап күшейеді

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев үкіметте өткен брифингте такси жүргізушілерге талап күшейетінін атап айтқан болатын. Ал министрдің пайымдауынша күндіз-түні ұйықтамай, көлік жүргізетін такси жүргізушілері жол апатына жиі себеп болып жатады. Енді такси жүргізушілері 50 шақырымға дейін ғана адам таси алуы мүмкін.

– Шетелдерде қаларалық қатынастарда таксиге адам тасуға рұқсат етілмейтін елдер бар. Мәселен, 50 шақырымға дейін ғана тасуына болады, одан асса, шектеу. Бұл қабылданған шара емес, әзірге ұсыныс қана. InDriver-мен ақылдасып жатырмыз. Олар адам тасу – олардың табыс көзі екенін айтып жатыр. Олай болатын болса, олар бір қаладан екінші қалаға адам алып келіп, қайтадан жолға шығып кетпеуі керек. Содан жол апаты болып жатыр. Асыққанда, үнемдейтіні – 30 минут. 30 минут ерте жеткенімен, жол апатына түссе, жағдай қиын болады. Жол апатының 37 пайызы жылдамдықты асырғаннан, 10 пайызы қарсы бағытқа шығып кеткеннен болып жатыр. Біз осының алдын алуымыз керек. Біржақты шешім қабылдамаймыз. Оны үш ай бұрын талқыладық. Әлі талқылап жатырмыз, – деді Марат Қарабаев.

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев  жеке компаниялардың тасымалдау қызметі күшейгелі автобустарға отыратындар саны азайып кеткенін тілге тиек етті.

– 2020 жылы пандемиядан кейін қалааралық автобустарға отыратындар саны азайып кетті. Өйткені, пандемия кезінде көбісі цифрлық технологияларды кеңінен қолданып кетті. InDriver сияқты компаниялардың қызметін көбірек пайдалана бастады. Себебі, ол тез, үйден алып кетеді, осы жағынан ыңғайлы. Енді біз қалааралық автобустарға халықты тарту жолын қарастырып жатырмыз. Біріншіден, орташа жылдамдықты енгіземіз. Үлкен трассаларда орташа жылдамдықты 120 км/сағаттан асырмау. Егер асырса, оған автоматты түрде айыппұл келеді. Сол кезде жеңіл көліктердің жылдамдығы автобустармен бірдей болады, – деді ол.

Бірақ Қазақстан такси қызметі қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов тыйым салумен бәрі шешіледі дегенге сенбейді. Жүргізушілер оны айналып өтудің жолын табуы мүмкін. Әрі оның ойынша, таксилерді тек сырттай емес, іштей қатаң бақылайтын жүйе керек.

– Платформаға тіркелетін кісілер көліктері әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, басқа көлігі бар. Сол жағында рулі, бәрі қалыпты. Мен тіркелем де халық жинаймын да басқа біреуге бере салам. Бізде заң негізі жақсы жазылған. Ережелер қалыптасқан. Барлық норма дұрыс. Бірақ бұл орындалмайды. Кез келген Қазақстан азаматы сервистерге тіркеліп жұмыс істей береді де. Бұл сервистер кез келген жүргізушіге тіркелген тапсырыстарды бере береді.

Жалпы Қазақстандағы жол жүру ережесіне сәйкес оң жақ рөлді көліктермен адам тасымалдауға мүлде болмайды. Алыс сапарларға шығатын көлік жүргізушілері үшін жұмыс істеу уақыты да шектелмек. Көлік және ішкі істер министрлігі InDrive компаниясымен бірлесіп арнайы талап енгізді. Ал келер жылдан бастап талап өзгереді. Яғни агрегаторлар енді мемлекеттік рейстрға тіркелген жүргізушілерді ғана өз базасына енгізе алады. Бұл да таксидегі адам қауіпсіздігін бақылаудың бір амалы.

Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»