Табиғатты қорғау акциясы
Желтоқсан айында «Ақбөкен» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы басталды. Жылына екі мәрте ұйымдастырылар науқан барысында ақбөкен популяциясын сақтап, браконьерлермен күресу жұмыстары жанданды. Табиғатты қорғау акциясының жай-жапсары диалог алаңында түсіндірілді.
«Акбөкен» акциясы жылда Қазақстан бойынша жалғасын табар табиғатты қорғау шарасы. Бұл акция жылына екі кезеңмен өтеді. Алғашқысы 15 сәуірден 15 мамыр аралығында ұйымдастырылса, шараның екінші кезеңі 1-31 желтоқсан аралығында өтеді. «Ақбөкен» акциясында киік популяциясын сақтау, көбейту мен жануардың осы түріне оқ дарытар браконьерлермен күресу шаралары кең ауқымда жалғасын табады. Бүгінде мамандар да, қажетті техника да сақадай сай.
– Қарағанды тірек пунктінде 11 инспектор және екі жүргізуші акцияға қатысады. Олардың жоғарғы жылдамдықпен жүретін 4 жол талғамайтын джип автокөліктері және 2 камаз кунг, тіркемесімен екі снегоход жабдықталған. Инспекторлардың арнайы құралдары бар, бәрінде қару, дене сауыты және қол кісені мен қол шоқпарлары бар, – деп түсіндірді «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің орталық өңірлік филиалының басшы орынбасары Шындос Омаров.
Сонымен қоса олар әкімшілік хаттама толтыруға арналған планшеттер және видеожетондармен қамтамасыз етілген. Бұл топтар үлгермей жатса «Охотзоопром» орталық өндірістік бірлестігінен тағы екі джип көлігі және 8 инспектор күшейту тобы ретінде құрылады. 2024 жылғы санақ бойынша Қазақстанда киік саны 2 миллион 833 мың 600 құраса, біздің аймақ енетін Бетпақдала популяциясы бойынша көрсеткіш төмендегідей.
– Бетпақдала популяциясы бойынша бізде 1 миллион 150 мың киік бар деп санақ кезінде берілді. Ол Бетпақдала популяциясы деген Ақтөбе облысынан бастап, Қызылорда, Ұлытау, Қарағанды, Түркістан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақмола, Қостанай облыстары кіреді. Қарағанды облысы бойынша санақта 39 377 бас деп берілген, – дейді Шындос Омаров.
Киіктерге қару кезеп, оқ дарытар браконьерлік іске барғандар жазадан құтылмайды. Ондай қылмыстық істер де әшкере болуда. Биыл «Охотзоопром» инспекторлары Топарда бір қылмыстық істі анықтаған. Жануарға қастық жасайтындармен күресу шаралары жалпы жауапты құрылым өкілдерімен ұдайы өткізілуде. «Акбөкен» кен ауқымды табиғатты қорғау акциясы өтер желтоқсан айында да қаскөйлермен күрес шаралары тіптен жанданады. Брифинг барысында киіктер егістік, шабындық алқаптарды таптады деген фермерлер мәселесі де назардан тыс қалмады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»