Тағылымды кездесу

«Қарағанды қаласының 90 жылдығына – 90 кездесу» жобасы аясында қаламыздың М.Әуезов атындағы кітапханасында самбо және қазақша күрестен ҚР спорт шебері, облыстық мәслихат депутаты, «Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледж» КММ басшысы Ерден Балтабайұлы Халилинмен «Аманат арқалаған азамат» атты кездесу кеші өтті.

Кездесу кешіне еркін күрестен спорт шебері, қазақ күресінің бапкері, ұлттық дәрежедегі қазақ күресінің төрешісі Серік Оспанов, ардагер ұстаз Сағынтай Аққожин, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері және Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері қатысты. Кездесу барысында Ерден Балтабайұлы өмір жолында тұлға болып қалыптасуындағы спорттың орны жөнінде айтып, қоғамдық қызметі, өмірдегі жетістіктерін бөлісті. Жиын барысында жастармен еркін сұхбат жүргізіліп, спорт, білім, жастарға жасалып жатқан жағдайлар, бұқаралық спорт жайлы сөз қозғалып, талқыға салынды.

– Жастар мен аға буын арасын жалғап керемет кездесу ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыс айтамын. Жастардың ұлттық дәстүрге қызығушылығы басым. Қарағанды қаласынан шыққан тұлғаларды еске түсірдік. Жастар білімді, айтар ойлары бар, – дейді Ерден Балтабайұлы.

Сонымен қатар спикер бүгінгі қазақ спортының деңгейі, ондағы қарағандылық жас спортшылар төңірегінде ой өрбітті. Кітапхана оқырмандары кеш кейіпкеріне бүгінгі қоғамдағы жастар мәселесі, патриоттық тәрбие берудегі спорттың маңызы жөнінде сұрақтар қойып, пікір алмасты. Сондай-ақ қоғамның дертіне айналған лудомания, нашақорлық, зиянды әрекеттердің белең алуы, оның алдын алу жолдары жайында да сөз қозғалды. Жиын соңында кітапханаға мектеп-интернат-колледждің тарихы таңбаланған «Саңлақтарды самғатқан алтын ұя» және Дәулет Болатұлы Тұрлыхановтың өмірбаяны жазылған «Нар тәуекел» атты кітаптар сыйға тартылды.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»