Тағдырды жеңген таланттар

Сәкен театрының сахнасында жазушы Жүзбай Серіктің «Өмір-ғайып» романы негізінде дайындалған «Жоламан» атты музыкалық драма көрермен назарына ұсынылды. Бұл қойылым – жаңадан құрылған инклюзивті бағыттағы «Qazaq Inclusive Theatre» театрының алғашқы жұмысы. Қойылымның қоюшы режиссері – Думан Омаров.

Инклюзивті өнерді дамытуға бағытталған «Qazaq Inclusive Theatre» труппасы арнайы Астана қаласынан келді. Қойылымның басты рөлін сомдаған актер Айбек Мұстыбаев жаңа театрдың құрылу тарихымен бөлісе отырып, спектакльдің қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.

– «Qazaq Inclusive Theatre» биыл қыркүйек айында құрылды. Бұл – жазушы Жүзбай Серіктің идеясы. Театрды ашу жөнінде аян беріліп, соның негізінде түрлі бағыттағы таланттар Астанадан арнайы іріктелді. Өзімнің сахналық тәжірибем бар, алайда Қарағандыға алғаш келуім. Негізгі мамандығым – әнші. Дегенмен бұл қойылымда Жоламанның бейнесін сомдау бұйырды. Жоламан – анасы вокзалда тастап кеткен жетім бала. Ата мен әже оны бауырына басып, ер жеткізеді. Сол кісілердің мейірімі мен тәрбиесінің арқасында Жоламан өнер әлемінде жарқыраған жұлдызға айналады. Бұл образ арқылы қоғамға айтылар ой өте көп, – дейді бас кейіпкер Айбек Мұстыбаев.

Пьеса тастанды бала Жоламанның өмірге келуінен бастап, тағдыр сынақтарымен бетпе-бет келу жолын баяндайды. Қойылымда ерекше қажеттілігі бар актерлер де ойнайды. Соған қарамастан сахнаға шығып, өнер жолында табандылық танытып жүрген бұл жандардың қайсарлығы көрерменге зор әсер қалдырды.

Драманың негізгі идеясы – баланың көз жасына қалмау, қоғамды мейірім мен жауапкершілікке шақыру. Режиссердің айтуынша, спектакль өмірде жиі кездесетін түрлі әлеуметтік жағдайды көрсетеді, ал туындының өзегі – отбасы құндылықтарын ұлықтау.

Музыкалық драма көрерменге адамгершілік, мейірім, тағдырға мойымай алға ұмтылу секілді құндылықтарды терең сездіре алған ерекше қойылым ретінде бағаланды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»