Тұңғыш академик
Қазақтың тұңғыш академигі – Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдық мерейтойына орай Қарағанды Университетінде халықаралық ғылыми конференция өтті. «Руханияттағы ғұлама ғалымның рөлі» атты ғылыми жиында заңғар ғалымның елімізді өркендетуге, Орталық Қазақстанның экономикалық дамытуына қосқан елеулі еңбектері, ізденістері айтылды.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – қазақ ғылымының атасы. Қазақ КСР Ғылым Академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Кеңес Одағы мен Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш академигі. Биыл заңғар ғалымның туғанына 125 жыл. Қаныш Имантайұлының мерейтойлы датасына орай ұйымдастырылған шара ғалым ескерткіші алдында еске алу митингісінен, рухына тағзым етуден басталды. Қарағанды облысының жұртшылығы Қазақстан ғалымдарымен бірге тұңғыш академик мерейтойы аясында халықаралық конференция өткізді. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде «Руханияттағы ғұлама ғалымның рөлі» атты халықаралық жиынға еліміздің ғалым, академиктері жиналды.
– Қарағанды облысында, Қарағанды жерінде ол кісінің қалдырған еңбегі үлкен, Жезқазғандағы мыс зауыты, Балқаштағы мыс зауыты. Айтсақ, ол кісі уақытында сол зауыттардың бастан-аяқ керек болған шикізатын да тауып, сол өндіріске, сол жерге зауыттың салынуына мұрындық болды, қазір біздің еліміздің экономикасына үлкен үлес қосып тұр ол өндірістер. Олар уақытында сол Сәтпаевтың үлкен еңбегінің арқасында құрылған, – дейді ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдірәсіл Жәрменов.
Тұңғыш академиктің Қарағанды ғылымына қалдырған үлкен ізі – Қарағандыда химия металлургия институтын ашуы, дейді профессор Әбдірәсіл Жәрменов. Сол институттың технологиялары бүгінде дүниежүзіне мәлім екені де айтылды. Қаныш Имантайұлы қазақ елінің қазына байлығын ашушы, еліміздегі барлық жақсы бастамасының басы-қасында жүрген заңғар ғалым.
– Бұл ұрпаққа деген, Қаныштың артында қалдырған бай мұрасын насихаттау, оны көрсету, университет үшін үлкен бір зор мәртебе деп білемін. Сондықтан да бүгінгі конференцияның берері мол. Осы конференцияда айтылған үлкен дүниелер, Қаныштың жасап кеткен жұмысын насихаттап, жаңа Қазақстанның дамуына жол ашады, – деп атап өтті ҚР Парламент депутаты, «Қ.Сәтбаев халықаралық қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы.
«Руханияттағы ғұлама ғалымның рөлі» атты халықаралық ғылыми конференцияға Қаныш Сәтбаевтың немересі бүгінде химия ғылымдарының докторы Жармағанбетова Әлима Қайнекейқызы да келген. Ғалым немересі, Қарағанды жерінде осындай атаулы ғылыми жиын өткізіп, Қаныш Сәтбаевтың еңбегін насихаттағанына ілтипатын жеткізді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»