Тәуелсіздікпен құрдас қызмет
Көпшілік қауым «СЭС» деген мекеменің сесінен қаймығады. Бірақ, дәл осы қызмет болмаса, кезкелген мекеме салдыр-салақтыққа салынып, қауіпті індеттің бұрқ ете қалуы мүмкін екенін елдің бәрі мойындайтыны анық. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері осы салада қызмет етіп келе жатқан, Қарағанды облыстық санитарлықэпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Леонидович Залыгин қызығы мен шыжығы мол қызмет барысымен бөлісті.
— Юрий Леонидович, санитарлықдәрігер мамандығын таңдауыңыздың себебі неде?
— Мен дәрігерлер отбасында дүниеге келгенмін. Анам бүкіл өмірін медицина саласына арнаған. Мен де бала кезден дәрігер болуды армандадым. Көбі мені техникалық саласындағы маман болады деп ойлайтын. Бірақ, мен алған бетімнен қайтпадым. Мектепті бітірген соң, медициналық училищеге түстім. Қызыл түсті дипломды алған соң, қазіргі Қарағанды медицина университетіне, бұрынғы институтке тапсырдым. Алғашында емдеу шараларымен айналысатын дәрігер болғым келген. Алайда, институттың үшінші курсынан кейін оқытылатын пәндер сала бойынша бөліне бастады. Мен үшін тағамның, ауыз судың, басқа да факторлардың адам денсаулығына пайдасын бақылау саласы тың жаңалық болды. Сол себепті, медициналықпрофилактикалық факультетті таңдадым. Жоғары медициналық оқу орнының толық курсын оқып шығып, «Санитарлықэпидемиологиялық дәрігер» маманы атандым. Өзім оңай жолды таңдадым деп ойламаймын. Санитарлық қызметтің маңызын түсінетіндер аз. Адамдардың ойынша, біз «Жай ғана белгіленген нысандарға барып, тазалықты тексеріп, айыппұл салып өте шығамыз». Біздің қызмет адам баласы дүние есігін ашқаннан, Жер-Ананың құшағына енгенге дейін жалғасады. Сонымен бірге, тұтынатын азық-түліктің пайдалы болуын қамтамасыз ету де – біздің жұмысымыз. Ауыз суымен де біз айналысамыз. Біз белгілі бір ауру түрімен айналысып, пациентке көмек көрсетпей, бүкіл бір қоғамның жұқпалы аурулардан аман болуын қадағалайтындықтан, қызметіміз үшін сирек алғыс естиміз. Десе де, қызығы мен шыжығы мол мамандық. Әр жағдай әртүрлі. Қайталанған, не ұқсас жағдайлар жоқтың қасы. Сондықтан, нақты белгіленген, жиі қолданылатын шаралар жоқ.
— Сіз еңбек етіп жүрген сала қалай дамып келеді? Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін және одан кейін қандай өзгерістер болды?
— Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде қызмет етпедім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары медициналық оқу орнын тәмамдадым. Сол уақыттан бері біздің жұмыс істеу жүйеміз үлкен өзгерістерге ұшырады. Бастапқыда денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында болдық. Кейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті болып құрылдық. Тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігінде де жұмыс жасадық. Сосын ұлттық экономика министрлігінің жанында жеке комитет ретінде қызмет еттік. Өткен жылы департамент ретінде қайтадан денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына өттік. Өз қызметіміздің аясы дамуы үшін біраз еңбектендік. Еңбек жолын бастағанда, ешқандай жағдай прокуратурада тіркеліп, тексерістен өтпейтін. Қазір барлық қызмет заң аясында іске асады. Соңғы жылдары санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің нысандарға қойылатын талаптары да жеңілдетілеген. Себебі, олқылықтардың бәрі түзетіліп, адамдар ақ-қараны ажырататын жағдайға жеткен.
Күнделікті жұмыс барысында жетістіктерімізді байқай бермейміз. Бір сәт тоқтап, ой елегінен өткізер болсақ, біз біршама өстік. Мен осы мекемеге алғаш келгенімде, бір жазу машинасынан басқа ешнәрсе болмаған. Қазір, барлығы жеткілікті. Бұл – бір ғана қарапайым
мысал. Сондықтан, жоғымызды тізбектей бермей, барымызды бағалай білгеніміз дұрыс.
— Өңірімізде тіркелген айтарлықтай қауіпті инфекция түрлері қандай? Осы уақытқа дейін қызметіңізде қандай есте қаларлық жайттар орын алды?
— Өте жақсы сұрақ. Өткенге көз жүгіртсек, облыс аумағында қауіпті инфекцияның көптеген түрлері тіркелген. Мәселен, сібір жарасы, құтыру деген сияқты ауру түрлері. Уақытылы қабылданған с а н и т а р л ы қ — э п и д е м и о л о г и я л ы қ шаралардың нәтижесінде, барлық ауыртпалықтар еңсерілді. Қазіргі уақытта өңірімізде бұл инфекция түрлері атауымен жоқ деуге болады. Жезқазған қаласында жұмыс істеген кездері құтыру ауруы көптеп таралды. Менің тәжірибемде аталмыш аурудан қайтыс болу жағдайы алғаш рет болды: түлкі тістеп алған адам ешқандай дәрігерлік көмекке жүгінбеген. Біраз уақыт өткен соң, денесінде ауырсынуды байқап, ауруханаға келеді. Біз құтырудың белгілерін байқадық. Бірақ, тым кеш болды. Науқаста гидрофобия (судан қорқу) мен басқа да белгілер пайда бола бастады. «Ауруын жасырған — өледі» деген сөз текке айтылмаған. Дер кезінде көмек көрсетілмегендіктен, пациенттен айырылып қалдық. Сондықтан, денсаулығыңыз сыр бере бастады ма, басқа да жағдайлар орын алғанда, дереу дәрігердің көмегіне жүгіну қажет. Уақытылы көрсетілген көмек – денсаулық кепілі.
Облысымызда соңғы он жылда полиомелит, сіреспе сынды аурулар да тіркелмеген. Себебі, бұл инфекцияларға қарсы вакцина егіледі. Короновирустық инфекцияға қарсы вакцина да осындай нәтижеге жеткізеді деп ойлаймын.
2003 жылы Жезқазғанда мектеп оқушылары арасында гепатит инфекциясы тарады. Қаладағы барлық мектептің білім алушылары инфекция жұқтырды. Кейін атааналары мен ұстаздар арасында да белең ала бастады. Анализ нәтижесінде, басты себеп көше бойында сатылатын шекілдеуіктер екендігі анықталды. Біз полиция органдарымен бірлесіп, мұндай сауда нүктелерін жабуды қолға алдық. Оған қоса, мектептерде «Таза ыдыс» пен «Қолданылған ыдыс», «Қайнаған су» жобасын енгіздік. Денсаулық сақтау министрлігі де бұл шешімге оң кабақ танытып, елдегі барлық мектепке осындай талап қойды.
— Пандемия басталғалы сіздер алдыңғы шептесіздер. Бұл туралы не айта аласыз?
— Коронавирустық жағдай елімізде алғаш рет 2020 жылдың наурыз айында тіркелді. Алайда, біз 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап дайындыққа кірістік. Себебі, ол уақытта вирустың алғашқы белгілері Қытайда байқалып жатқан-ды. Бірдебір жағдай тіркелмей тұрып, науқастарға арналған жатын орындарын дайындап, алгоритмдер құра бастадық. Білім беруді жүзеге асыру, вирус жұқтырғандарды оқшаулау, бәрі-бәрі талқыға салынып, жоспарланды. Поездар жүріп, ұшақтар ұшып жатқандықтан, аурудың біздің елді де айналып өтпейтіні белгілі болды. Шет елдерден келгендерді біздің қызметкерлер бірінші болып күтіп алып, тиісті шараларды қолданды. Президент елде төтенше жағдайды жариялағанда, біз күні-түні, демалыссыз жұмыс жасадық. Отбасымызбен көрісе алмадық. 2020 жылдың мамыр айында төтенше жағдайдан шыққанымызбен, пандемияның аяқталмағаны белгілі бола тұра, халық той тойлауды бастап кетті. Нәтижесінде, өткен жылдың маусым-шілде айларында эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап, ел тарихында болмаған өлім санына алып келді. Қатаң карантиндік режимнен кейін, жағдай тұрақталған соң, келесі кезеңге дайындық басталды. Бір жыл бұрын науқастарға ауруханаларда орын жетіспей, вирусқа қарсы нақты емдеу шаралары болмады. Ал, қазір барлығы жеткілікті: жаңа техникалар, жедел-жәрдем көліктері, төсек орындары, вакцина сатып алынды.
— Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің маңызы қандай?
— Біздің қызметіміз өте маңызды рөл атқарады. Ең әуелі өңірдегі жағдайға мониторинг жүргіземіз: әлеуметтік желілерді бақылаймыз, белгіленген нысандарда тексеріс жүргіземіз. Мысалы, коронавирустық жағдайда, медициналық ұйымдардан вирус жұқтырғандар туралы ақпарат аламыз. Кейін ауру ошақтарын тексеруден өткіземіз, дизенфекция жүргіземіз. Науқаспен байланыста болғандардан ПТРтестін аламыз. Бұдан бөлек, тағам, ауыз судың зиянсыздығын бақылауда ұстаймыз. Өйткені, тек коронавирустық инфекциямен күрес жолында ғана жұмыс жасасақ, басқа жұқпалы аурулар тарап кетуі ықтимал.
— Қазір барлығымызды «Қалыпты өмірге қашан ораламыз?» деген сұрақ мазалайды. Қандай болжамдарыңыз бар?
— Тағы да өткенге көз жүгіртер болсақ, былтырғы жылы, вирустың өршіп тұрған шағында адамдар вакцинаны қатты күтті. Елімізде вакцина дайындалып жатқандығына көбі қуанды. Қазақстан – отандық вакцина жасап шығарған мемлекеттердің бірі. Сонымен бірге, халықты тегін вакцинамен қамтамасыз етуді көп елдің қалтасы көтере бермейді. Ал, қазір екпеге қатысты түрлі қауөсетке сеніп, бас тартып жүргендер қаншама. Біз ұжымдық иммунитетті кем дегенде 70%- ға жеткізгенде ғана қалыпты өмірге ораламыз. Бұған профилактикалық екпе жасатып жатқан елдердің тәжірибесі дәлел. Той, ас беріп жатқандар «Ел не дейді?» деген оймен жасайды. Ал, оған баратындар «Бармасам – ұят» деп шарасыздыққа түседі. Осы тұста, дұрыс шешім қабылдай білсек екен.
Күз – барлық жұқпалы аурулар өршитін мезгіл. Бұл кезде екпе алмасақ, ағзада вирустар араласып, аурумен күресу қиындай түседі.
Денсаулық сақтау министрлігі вирустың келесі кезеңі осы жылдың желтоқсан айында күтіледі деген болжам жасады. Дұрысы – келесі кезеңнің алдын алу. Маскалық режимді сақтап, екпе алып, адам көп шоғырланған орындарға бармай, ондай шараларды ұйымдастырмай, жанымыздағы жандарға қамқорлық таныта білу керекпіз.
— Сұхбатыңызға рақмет! Ақзия ОРАЗАЛИЕВА.