Тәуелсіздік – тәу етер киелі ұғым
Мемлекет басшысы халықтық коалиция форумында сөз сөйлеп, өзінің сайлауға түсетінін мәлімдеді. Тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін айта келе және егемендік алған жылдардағы жетістіктерге тоқталды. Референдум нәтижелері мен Ата Заңға енгізілген өзгерістерді атап өтті. Енді, осы бастаманың бәрін халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында сәтті жүзеге асыру үшін бейбітшілік пен бірліктің қажет екенін айтып, сол берекелі бірлікке жеткізіп, ұлтты ұйыстыратын 7 қағиданы атап көрсетті. Оның алғашқысы – «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деп аталды…
«Мен былтыр осы тұжырым туралы арнайы мақала жарияладым. Біз егемендігімізді сақтай алсақ қана, ұлт болып, ел болып тұра аламыз. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан, Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық» деп бастап, шынымен көздегені елдің амандығы мен жердің бүтіндігі екенін аңғартты.
«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» қағидасы сол Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жарияланған Президенттің осы тақырыптағы мақаласында айтылған ойлар мен бастамаларды нақты жүзеге асыруға бағытталған. Мақалада:
«Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» деп әрқайсымызға ой тастайды. Сонымен қатар:
«Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» деп 30 жылда жеткен жетістіктеріміз бен шыққан биігімізді бағдарлап, сараптап, нақты атап шығады.
Салиқалы саясатты сараптай келе мақаланы: «Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретін- де жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деп аяқтайды. Көзі ашық, көкірегі ояу, өзін «Қазақстан азаматымын» деп санаймын әрбір жанға осыдан асырып айту мүмкін емес. Сонда бізге не қалды? Бізге Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау ғана қалды. Шекарамыз шегендеулі, ешқандай дау жоқ. Қоғам Тәуелсіздіктің, елдіктің қадірін ұқты. Осы жердің иесі екенін түйсінді. Ендігі біздің мақсат – өз аманатымызды орындап, бізге аман жеткен осы байтақ, Тәуелсіз мемлекетті ертеңгі ұрпаққа тұтастай аманат ету. Ол үшін тынымсыз, адал еңбек ету – маңызды. Бұл туралы Президент «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» қағидасында:
«Тәуелсіздікті қорғау және нығайту – әрбір азаматқа, бәрімізге ортақ міндет! Тағы да қайталап айтамын. Дамыған, өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қоюымыз керек» деп мәселені дөп басып, оны шешудің, нәтижеге жетудің де жолын нұсқады.
Шындығында, табыс табудың түрлі жолы пайда болып, алаяқтық пен масылдық та өршіп тұр.
Бұл да өз кезегінде егемен ел азаматтарының еркін дамуына кедергі болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы сол қағидада:
«Еңбекқорлық – өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиіс. Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Масылдық ниеттен, бос сөзден арылуымыз қажет» деп ерекше атап өтті. Расымен «адал әрі тынымсыз еңбек» деген сөзден көп нәрсе ұғуға болады. Кәсіп ашамын деген адамға кедергі жоқ. Ел азаматтарын жұмыспен қамту да тәуелсіздікті сақтауға қосқан үлес…
Президенттің әр сөзі, әр бастамасы бір-бірімен тығыз байланысты. Бірін-бірі толықтырып отырады. Бос сөз емес, нақты іске жетелейді.
25 қазан Республика күні мерекесін Мемлекеттік мерекелер қатарына қосу туралы Қаулы шығарғаны тәуелсіздікке, тарихымызға құрметпен қарауға бастайтын тура жол.
Сонымен қатар, Республика күнін ел болып тойласақ та, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні де атаусыз қалмайды. Өйткені, бірінде Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы жасалып, егемендік туралы декларация қабылданса, екіншісі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.
Тәуелсіздік – Алланың бізге берген сыйы. Жер бетінде өз жері, мемлекеті жоқ қаншама ұлт бар. Өзге елдің құрамында отырғаны қаншама.
Демек, осы бақытты аялап, оның қадіріне жетуіміз керек. Ол үшін әркім өз ісінің шебері болып, өз ісін адал атқарса, жеткілікті. Өзімізді осындай патриот әрі әділ болсақ, ұрпағымыз, кейінгі буын бізден үлгі алмақ.
Сонда, Тәуелсіздігіміз баянды болмақ. Онсыз біздің мініміз көп, құнымыз жоқ…
Жәлел ШАЛҚАР.