Тәуелсіз «Дат» театрының жаңа премьерасы
Қарағанды қаласында тәуелсіз «Дат» театры көрерменге жаңа премьерасын ұсынды. Бұл жолы шығармашылық ұжым драматург Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмасын сахналады. Қойылымның режиссері – театрдың жетекшісі, актер Дунай Еспаев.
Премьераның басты ерекшелігі – сахнаға кәсіби театрда бұрын ойнап көрмеген, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген дебютант актерлердің шығуы. Соған қарамастан, қойылым көрерменге шынайы эмоция мен терең ой ұсына алды.
Спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі – Әлияның образын Кеншілер мәдениет сарайының мәдени ұйымдастырушысы Ботагөз Мұғиын сомдады. Мақсаттың рөлін 11-сынып оқушысы Аңсаған Сәдуақас орындады. Ләйланың бейнесін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің 2-курс студенті Ханзада Саттар алып шықты. Зарқымбек рөлінде – Қ.Аманжолов атындағы дәстүрлі ән сыныбының ұстазы Әділет Совет. Дәметкеннің образын қосымша білім беру педагогы Баян Мамитова сомдаса, Ерғали рөлін №1 балалар өнер мектебі театр бөлімінің педагогы Айдос Сұңқар орындады. Тұрсын бейнесін әуесқой актер Төлеген Қозы алып шықты. Ал қойылымның музыкалық сүйемелдеуіне жауапты дыбыс режиссері Тоқтар Кәрібай – мектеп оқушысы.
Қойылым барысында нақты бір бас кейіпкерді бөліп көрсету қиын. Әр образдың өз айтары, өз шындығы бар. Осы арқылы спектакль ансамблдік сипатқа ие. Дегенмен, оқиға желісіндегі негізгі шиеленіс Әлия образы арқылы күшейе түседі. Ол – тұрмыстық есепке берілген, өз мүддесін алдыңғы орынға қоятын, күйеуі Мақсаттың еркіндігін шектейтін күрделі кейіпкер.
Әлияның образын сомдаған Ботагөз Мұғиын кейіпкер табиғаты туралы пікірін білдірді:
– Әлияның мінезі маған мүлде қарама-қайшы. Ол – өмірде өз армандарына жете алмаған әйел. Сол себепті айналасындағыларға өкпелі. Дегенмен, ол отбасын жақсы көреді, тек өз сезімін дөрекі мінез, ащы сөз арқылы білдіреді. Бұл образ арқылы отбасындағы ішкі қайшылықтар көрінеді, – дейді актриса.
«Бір түп алма ағашы» драмасы әкеден ерте айырылған, есейген соң қалаға кетіп, өз өмірін күйттеген балалар мен ауылда кенже ұлымен қалған жалғыз ананың тағдырын баяндайды. Әр кейіпкердің өз трагедиясы бар. Ананың туған күніне жиналған балалары дастарқан басында ішімдікке масайған сайын, іште жиналған өкпе-назын ашық айта бастайды.
Оқиға өрбіген сайын кейіпкерлердің шынайы болмысы ашылып, отбасы ішіндегі түсініспеушілік пен немқұрайлылық айқын көрінеді. Ақырында үлкендердің өзара кикілжіңі мен рухани жауапсыздығы үйдің кенже ұлына ауыр соққы болып тиіп, ол өзіне қол жұмсайды. Бұл трагедия – қойылымның ең ауыр әрі ой салатын тұсы.
Тәуелсіз «Дат» театры сахналаған бұл спектакль – отбасы құндылығы, жауапкершілік пен махаббат тақырыптарын көтерген, көрерменді ойлануға мәжбүрлейтін қойылым. Шынайы эмоция мен өмірге жақын образдар арқылы театр бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді көрерменге жеткізе алды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

