Тұсаукесер: 2025 жылға арналған Қазақ күнтізбесі
Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық кітапханасында кезекті ерекше оқиға болды. Дәстүрге айналған бұл шарада Республикалық Qazaq Club өкілдері 2025 жылға арналған Қазақ күнтізбесінің тұсаукесерін өткізді. Бұл күнтізбе – ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени-идеологиялық құрал.
Биылғы күнтізбе мазмұны айтарлықтай кеңейіп, 20 этнографиялық, 10 әскери-патриоттық күн және 11 тарихи дата енгізілді. Қазақтың бай мұрасын қамтитын бұл ерекше күндер ұлттық салт-дәстүрлер мен тарихи оқиғалардың маңызды кезеңдерін көрсетуді көздейді.
Этнографиялық күндер мен тарихи даталар
Этнографиялық күндерді дайындауға белгілі этнограф Төрехан Майбас атсалысты. Олардың қатарында:
17 мамыр – Құралай салқыны
17 наурыз – Бесқонақ
26 наурыз – Құсқанаты.
Астрономиялық құбылыстарға негізделген 3 ақпан – Үркердің аууы және 5 наурыз – Үркердің жамбасқа түсуі сынды күндер бар.
Әскери-патриоттық күндер қатарында
9 ақпан – Сардарлар Ер Бөгенбай және Ер Қабанбай күні
1 шілде – Сержанттар күні
23 сәуір – Сарбаздар күні (бұл күн қазақ батыры Қасым Қайсеннің туған күнімен байланыстырылған)
7 шілде – Аңырақай шайқасындағы Жеңіс күні және тағы басқалар бар.
Күнтізбе ерекшелігі
Күнтізбе авторы Нұржан Сұршаұлының айтуынша, жаңа нұсқа барлығы 104 атаулы күнді қамтиды. Оның ішінде:
40 тарихи тұлға,
26 рухани құндылық,
19 тарихи оқиға,
6 ұлттық салт,
3 дәстүрлі мереке бар.
«Бұл күнтізбе – қазақ халқының бай мәдениетін жүйелеп, оны ұрпаққа насихаттауға үлкен мүмкіндік береді», – деді автор.
Тұсаукесердің маңызы мен жастарға әсері
Шара барысында №92 С.Сейфуллин атындағы гимназия мен Әлия Молдағұлова атындағы спорт интернатының оқушылары күнтізбенің қалай жасалғанын біліп, танымдық викториналарға қатысты. Сонымен қатар, Qazaq Club жанындағы Қариялар кеңесінің төрағасы Сәкен Келдібай ұлттық күнтізбенің жастарды тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтті.
«Күнтізбе – ұлттық бірегейлікті сақтауға және тарихи-мәдени құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге арналған идеологиялық құрал», – деді ол.
Ұлттық күнтізбенің кеңейтілуі
Биыл ұйымдастырушылар күнтізбенің географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Астана, Алматы, сондай-ақ еліміздің басқа қалаларында тұсаукесерлер ұйымдастырылып, алдағы уақытта Қазақ күнтізбесі шетелде де таныстырылатын болады.
Қазақ күнтізбесінің маңызы
Күнтізбеге енген атаулы күндердің басым бөлігі қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар мен тұлғаларға негізделген. Нұржан Сұршаұлының айтуынша, ерекше маңызға ие даталардың бірі – 13 шілде, бұл күн Ұлттық идеология, Ұлттық рух және Қазақ күнтізбесі күні деп белгіленген. Сонымен бірге, 15 ақпан – Тарихи жадыны жаңғырту күні, 27 ақпан – Салт-дәстүр күні және 22 сәуір – Алтын адам күні сияқты даталар қоғамға терең мән-мағына береді.
Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, биыл 15 000 данадан астам күнтізбе шығарылып, оның 5 000 данасы жастар мен оқушыларға таратылады.
Қазақ күнтізбесі – ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттаудың жаңа белесі. Ол халықтың рухани байлығын сақтау мен оны ұрпаққа жеткізудің маңызды құралы ретінде ел арасында танымалдылыққа ие болуда.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»