Тәртіпсіз жүргізушілер мен автомектептерге тосқауыл
Елімізде жол қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа шаралар қолға алынды. Жол қозғалысындағы тәртіп бұзушылықтар мен көлік апаттарының саны азаяр емес. Биылдың өзінде 22 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылып, 19 мыңы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіш еліміздегі жүргізуші мәдениетінің төмен екенін көрсетеді. Осы мәселе Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жан-жақты талқыланды.
Кінә тек жүргізушіде емес – автомектептер де жауапты
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жүргізушілерді даярлау сапасының төмендігін басты себептердің бірі ретінде атады.
– Көп жағдайда апат жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қауіпті манёвр жасау немесе жүргізушінің рөлде ұйықтап кетуі салдарынан болады. Бұл – дайындық деңгейінің төмендігінен туындайтын мәселе. Енді бұған нүкте қоятын уақыт келді, – деді министр.
Оның айтуынша, кейбір автомектептер оқыту сапасына емес, тек куәлік беруге басымдық береді. Сондықтан мемлекет енді жол ережесін елемейтін жүргізушілерді дайындайтын оқу орындарына қатаң шаралар қолданбақ.
Жолаушылар тасымалы
Тағы бір өзекті мәселе – жолаушыларды заңсыз тасымалдау. Көлік министрлігі мен басқа да құзырлы органдардың бақылау жұмысы жеткіліксіз екенін Ішкі істер министрі ашық айтты.
– Көшедегі заңсыз тасымалдаушыларға қатысты күрес әлі де әлсіз. Жүргізушілердің жолға шығар алдындағы медициналық тексерісі мен көліктің техникалық бақылауы дұрыс ұйымдастырылмаған. Бұл – апаттардың алдын алу тетіктерінің бірі, – деді Ержан Сәденов.
Жол сапасы да сын көтермейді
Бүгінде республикалық маңызы бар тасжолдардың небәрі 12 пайызы ғана барлық қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Бұл – елдегі инфрақұрылымның қаншалықты артта қалғанын айқын көрсеткіш.
– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кемінде төрт жолақтан тұратын 6 мың шақырымнан астам жаңа автожол салу қажет, – деді министр.
Сонымен қатар елде 600 жаңа бағдаршам, 1 мың шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 15 мың шақырым жарықтандыру желісі және 70 мың шақырым тротуар салу қажеттілігі туындап отыр.
Қазір Қазақстан бойынша веложолдардың ұзындығы бар болғаны 500 шақырым. Ал министрлік оны 2 800 шақырымға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Патрульдік полиция жетіспейді
Жолдағы тәртіпті қадағалайтын инспекторлар саны да жеткіліксіз. Халық саны мен көлік саны күрт өскендіктен, қосымша 8 мыңнан астам патрульдік полиция қызметкері қажет.
Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар пысықталып, профилактикалық шаралар кешені әзірленіп жатыр.
Мәжілісте көтерілген мәселелердің барлығы — қоғамның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзекті түйткілдер. Ішкі істер министрлігінің бастамалары толық жүзеге асса, еліміздегі жол мәдениеті де, қауіпсіздік деңгейі де жаңа сатыға көтерілмек.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

