Тәртіп сақшыларына құрмет: Қарағандыда Қазақстан полициясы күні аталып өтті

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік шара өтті. Ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде күнделікті қажырлы еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына ерекше құрмет көрсетілді. Шара барысында Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен ведомстволық марапаттар табысталды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз құттықтау сөзінде полиция қызметінің қоғамдағы маңыздылығын атап өтті.

– Сіздер – құқықтық тәртіптің тірегі, қоғам тыныштығының кепілісіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында облыстағы ахуал тұрақты. Қылмыс деңгейі төмендеп, ауыр құқықбұзушылықтар жедел ашылып жатыр. Есірткімен күресте де нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының алқа отырысында қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – аса маңызды міндет екенін ерекше атап өтті. Бұл сіздердің мамандықтарыңыздың қаншалықты жауапты екенін білдіреді. Халық сіздерден адалдық пен әділет күтеді, ал сіздер осы сенімге лайық болып келесіздер, – деді аймақ басшысы.

Әкім сондай-ақ ішкі істер органдары ардагерлерінің сіңірген еңбегіне ризашылығын білдіріп, олардың жастарға патриоттық тәрбие берудегі рөлін ерекше атап өтті.

Салтанатты кеште қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан тәртіп сақшылары да ескерусіз қалған жоқ. Олардың отбасыларына – ата-аналарына, жесірлеріне және балаларына – мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Құрмет пен қамқорлық жалғаса бермек. Облыс әкімі марапаттау рәсімі аясында ішкі істер органдарының ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерге құрмет грамоталарын тапсырды. Марапат алғандардың қатарында жедел уәкілдер, патрульдік полиция инспекторлары және учаскелік полицейлер бар.

Сондай-ақ, облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов ішкі істер министрі атынан үздік қызметкерлерге арнайы наградалар табыстады.

Мерекелік жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Кештің сәнін әріптестерінің құрметіне өнер көрсеткен полицейлер кіргізді. Қуаныш Медеубаев пен Айжамал Айтжанованың дуэті көпшілікке жақсы таныс. Бұл жолы олардың Қазақстан полициясына арналған жаңа әнін «Сарыарқа» вокалдық тобы орындап шықты. Сонымен қатар, кеш барысында қазақ эстрадасының танымал орындаушылары да өнер көрсетті.

Ералы ҒАНИ,

«QH»