Төрт дүркін әлем чемпионы
Қарағандылық спортшы Умар Имендинов грэпплингтен әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, тағы бір мәрте өзінің спорттық шеберлігін дәлелдеді. Бұл жеңіс оның спорттық мансабындағы төртінші әлемдік титул болып, грэпплинг жанкүйерлері мен Қазақстан спортшылары үшін зор қуаныш әкелді.
NAGA (North American Grappling Association) сериясы аясында АҚШ-тың Техас штатындағы Даллас қаласында ұйымдастырылған дүбірлі жарысқа әлемнің әр елінен шамамен 1 600 спортшы қатысты. Қарағандылық балуан үш белдесу өткізіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, финалға дейін сенімді түрде жетті.
– Чемпионаттан алған әсерім ерекше. Төрешілік әділ өтті. Үш кездесу өткіздім, қарсыластарымның қатарында америкалықтар мен мексикалықтар бар. Бұған дейін АҚШ-та бірнеше жарысқа қатысқандықтан, ортаға тез бейімделіп, еш қиындық көрмедім, – дейді Умар Имендинов.
Умар Имендинов спортпен он жылға жуық уақыттан бері тұрақты түрде айналысып келеді. Ол спорттық жолын аралас жекпе-жек түрлерінен бастап, бүгінде ММА бойынша кәсіби файтер, сондай-ақ грэпплинг және бразилиялық джиу-джитсу спорт шебері атағына ие.
Тәжірибелі спортшының жетістіктер қоржынында бірнеше әлемдік және ұлттық титул бар. Оның ішінде бразилиялық джиу-джитсудан үш мәрте әлем чемпионы атағы, грэпплингтен Қазақстан чемпионаттарындағы алты алтын медаль, панкратион, no-gi джиу-джитсу және қоян-қолтық ұрыстан ел біріншіліктеріндегі бірнеше мәрте жеңіс.
Айта кетейік, Умар Имендинов грэпплингтен NAGA әлем чемпионатындағы алғашқы алтын жүлдесін 2020 жылы жеңіп алған болатын. Кейін 2024 жылы ол екі мәрте тұғырдың ең биік сатысына көтеріліп, биылғы маусымда да чемпиондық атағын тағы бір мәрте растады. Бұл жеңіс спортшының тұрақты еңбегі мен шеберлігінің дәлелі болып отыр.
Болашағы зор жас спортшының табандылығы мен таланты Қазақстан спортында жаңа жетістіктерге жол ашатынына сенім мол. Оның әр жеңісі тек өз қаласы Қарағандының ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғап жүрген ержүрек спортшының үлгісі екенін көрсетеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

