Төрт аяқты талант

Станиславский театрының сахнасында актер ретінде алғаш рет ит өнер көрсетті. Ерекше қойылымды тамашалауға келген көрерменнің қарасы басым.

Астрид, Ася, Аста. Театрдың жаңа мүшесін көбісі осы есімдермен шақырады. Өнерлі жануардың мұнда келгеніне көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан Астрид өнер ұжымына толығымен сіңісіп кетті.

– Мұндай ғажайып оқиға бізде бірінші рет орын алып тұр. Естуімше, Станиславский театрында бұрын қойылымға ешкі қатысқан екен. Ал осы жолы осындай сүйкімді итті қатыстырғанды жөн көрдік, – дейді қойылымның қоюшы-режиссері Денис Цветков.

Астрид қатысқан қойылымның атауы – «Бала мен Карлсон». Оқиға желісі бойынша, бала ес білгелі өзіне төрт аяқты адал дос табуды армандаған. Күндердің бір күні ол көшеде келе жатып іздеген жануарына жолыққан.

– Оқиғаны қысқаша ғана түсіндірсем, бала жылдар бойы итпен дос болуды армандайды. Түнде де, күндіз де, үйде де, түзде де ойлайтыны – осы ғана. Енді қараңыз, тірі иттің орнына бір ойыншық тауып ойнатсақ, көрерменді дәл Астрид ойнағандай сендіре алмас едік, – дейді қоюшы-режиссер.

Иттің бұрынғы қамқоршылары театрға келіп арнайы көрме ұйымдастырды. Ол жерде сүйкімді жануарлар және оларға мейіріммен қарап, қамқор болған жандардың фотосуреттері қойылған.

– Театр қойылымы біткеннен кейін, осы күшікті асырауға ниет ететіндер болса, ешқандай қарсылығымыз жоқ. Ең бастысы, дұрыс қараса дейміз. Бірде-бір жануар далада қалмаса екен. Олардың бәрі иесін өмірінің соңына дейін күтеді. Арасында осындай таланттылары да бар болуы мүмкін, – деп атап өтті Денис Цветков.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»