Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек

Қарағандыда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығы ашылды. Орталық Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы» КММ жанынан ашылып отыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтарды қысқа мерзімге орналастыруға арналған үй-жайды мекендеушілерге құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

– Бір жыл бұрын Қарағандыда республикада алғаш рет отбасын қолдау орталығы ашылды. Ол қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға мағыналы көмек көрсетеді. Енді біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерді уақытша орналастыру орталығын ашып, бір қадам алға жылжыдық. Мұндай мекемелердің басты мақсаты – әйелдердің күрделі жағдайда жалғыз қалмауы. Біз жанжалды жағдайларды шешуге көмектесуге тырысамыз, – дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.

Үй-жай 14 жатын орынмен жабдықталған. 3 жатын бөлме, асүй, екі тазалық бөлмесі бар. Төсек-орын, тамақ дайындауға арналған асүй техникасы, кір жуғыш машина, теледидар және т.б. толық жабдықталған. Үй-жайдың ауданы 124, 3 шаршы метрді құрайды.

Үй-жайды жөндеуге және жарақтандыруға қалалық бюджеттен қаражат бөлінген.

– Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарды (отбасыларды) тиісті ұйымдарға жібергенге дейін бір айға дейін уақытша тұру мүмкіндігін ұсынады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарды сәйкестендіру қажет болған кезде Орталық екі жұмыс күні ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін тиісті ұйымдарға жібереді, – деп түсіндірді «Қарағанды қаласының отбасын қолдау орталығы» КММ жетекшісі Ләззат Қожахметова.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары жеке өтініш негізінде Орталыққа орналастырылуы мүмкін. Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы ақпарат алу үшін 111 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласуға болады.

Отбасын қолдау орталығының мекенжайы: Чкалов көшесі, 7.

Телефондары: (8-7212) 95-58-08, 95-58-09.

Instagram: @otbasy.ortalygy.krg.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»