ТҰРМЫСТАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНДІ

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енді. Қоғамның қызу талқысына түскен құжат жақынына жұдырық ала жүгіретіндердің жазасын қатаңдатуға бағытталған.

Parent is holding her little girls arm and is about to use violence. Representing child abuse and domestic violence.

Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 34 мың өтінім түскен. Дегенмен, полицейлердің айтуынша, аталған көрсеткіш азайып келеді. Мәселен, былтыр 5 айдың ішінде отбасындағы жанжалға байланысты 43 мың адам тәртіп сақшыларына қоңырау шалыпты.

Күшіне енген заң жанұясында жанжал шығарумен жұбайына жұдырық ала жүгіретіндерге тосқауыл қоюға негізделген. Денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін Әкімшілік кодекстегі 2 бап алынып тасталып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Енді оның жазасы күшейтіледі.

Айталық, 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған немесе 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қазір бұл мөлшер 800 мың теңгеге жуықтайды. Сотқа ерекше талаптар аясында агрессорды үйінен уақытша қуу құқығы беріліп отыр. Сондай-ақ оны психологиялық көмек алуға мәжбүрлей алады. Мұндай істерде жәбірленушінің арыз беруі міндетті емес. Көрген кісінің куәлігі немесе суреті, видеоайғақ болса жеткілікті, – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма басшысы Руслан Қаржасбеков.

Қатаңдатылған заң бойынша, енді кісіні суицидке итермелеген адам 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал балаларға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендер және өлтіргендер өмір бойына темір торға қамалады.

Балаларды ұрып-соққан жағдайда тараптардың татуласуы да алынып тасталды. Бұрын осындай істердің 30 пайызы жәбірленушінің кешірімімен жабылып келген еді. Мектептегі бұзақылықты көрген мұғалім болған жағдайды құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов заңның тек жазалауды көздемейтінін, құжатта отбасын сақтап қалуға да басымдық берілгенін анықтап айтты.

Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты зардап шеккен азаматтарды заңды, психологиялық, моральдық, әлеуметтік жағынан қолдау үшін отбасылық орталықтар барлық өңірде ашылады. Қазір дағдарыс орталықтары жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ заң аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы құрылым жасақталып жатыр. Ол Ішкі істер министрлігіне қарасты болады. Сонымен қатар енді өмірлік қиын жағдайға тап болған адамның «111» нөміріне хабарласуына болады. Бұл шұғыл нөмір қатарына енгізілген. Тіпті мобильді байланыс жоқ жерде де қоңырау шалып көмек алуына мүмкіндік бар.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»