Түркияға көмек жиналды

Бауырлас Түрік еліндегі табиғи апат күллі әлемді дүр сілкіндірді. Иә, тұтас қалалар жермен-жексен болып, мыңдаған адам опат болған-ды. Әлі де көмек күтіп үйінді астында қалғаны қаншама… Бұл зілзаланың зардабын жойып, қиналған бауырларға қол ұшын созу – барша адамзаттың борышы. Ал түбіміз түрік біз үшін – парыз. Рас, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қомақты қаржы бөлініп, құтқарушылар аттанды. Белсенді азаматтар қаржы жинап қам қылуда. Бұл игі істен қарағандылық студент жастар да құр қалмай, қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді.

Бөкетов университетінде өткен «Біз біргеміз!» қайырымдылық жәрмеңкесіне университеттің барлық факультеті бір кісідей атсалысқан екен. Бас ғимараттың кең залында өткен шараға қатысушылардың да қарасы қалың. Студенттер өз қолдарымен тәттілер пісіріп, қолөнер бұйымдарын әзірлеп сатылымға қойды. Бұдан бөлек оқу ғимаратында сұлулық салоны, психологиялық орталық пен ойын залдары да орнатылған екен. Жәрмеңкеге келген көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ән шырқалып, би биленді. «Шабыт» әуесқой студенттер театрының мүшелері «Танакөз» спектаклін қойып жәрмеңке шырайын аша түскенін де айта кеткен жөн.

Қайырымдылық акицясын өткізуге Бөкетов университетінің студенттері мұрындық болса, оған қаламыздағы сұлулық салондары мен мейрамханалары демеушілік көрсеткен екен. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры да игілікті істің өз деңгейінде өтуіне мұрындық болыпты.

Таңғы сағат 11:00-де басталған жәрмеңке кешке дейін жалғасты. Кеш соңындағы есеп бойынша қайырымдылық шарасынан 2 миллион 15 мың теңге көлемінде қаражат жиналған екен. Бұл ақша Түркия еліне көмек көрсету қорына аударылады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»