Тұрғындар талабы тыңдалды

Аймақ басшысы Ермағамбет Бөлекбаев Қарағанды қаласы тұрғындарымен кездесіп, көпті алаңдатқан мәселелерге жауап берді. Жиын барысында қаладағы коммуналдық қызметтің сапасы, аулалардағы ойын алаңдарының жай-күйі мен көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көліктер санын ұлғайту және иесіз иттер мәселесі көтерілді. Бұдан бөлек, кеншілер қаласының алдағы даму бағыты мен жаңа жылу желісін салу жайы да көптің назарына ұсынылды.

Иә, Ермағамбет Бөлекбаев үшін кеншілер қаласының мәселесі таңсық дүние емес. Біраз жыл қаланың тізгінін ұстап, көптеген бастамалардың басы-қасында жүрді. Қай жерде қандай мәселе барын да жақсы білсе керекті. Мұны кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға айтқан жауаптарынан да анық аңғаруға болады.

  • Қарағанды қаласы жыл сайын қанатын кеңге жайып, дамып келе жатыр. Біз алдағы уақытта Оңтүстік-шығыс бөліктегі жаңа ғимараттарды жылумен қамтамасыз ету сапасын арттыру үшін жаңа желі саламыз. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің де мәселесі кезек күттірмейді. Биыл 50 автобус сатып алынды. Келесі жылы тағы 50 автобус алу жоспарда, — деді аймақ басшысы Ермағамбет Бөлекбаев.

Әкіммен кездесуге келген тұрғындар жөндеуден өткен аулалардағы ойын алаңдарының сапасына қатысты мәселе көтерді. Олардың айтуынша, қазірдің өзінде кейбір алаңдар сынып, бүлініп қалған. Әрине, көп жағдайда бұған қоғамдық мүлікке жаны ашымайтын, қаскөйлер себеп болып жатады. Дейтұрғанмен, кінәнің бәрін қаскөйлерге жаба салуға да болмайды екен. Өйткені, кейбір аумақтардағы ойын алаңдары орнатылған соң көп ұзамай бүліне бастаған. Бұған материалдардың сапасыз болуы мен құрылыс жұмыстарының талапқа сай емес деңгейде жүргізілуі себеп.

Аймақ басшысы бұл мәселемен жақсы таныс екенін жеткізді. Алдағы уақытта жұмысына салғырт қараған мердігерлер жауапқа тартылады. Тіпті оларды «жауапсыз мердігер» ретінде танып, басқа мемлекеттік сатып алуларға қатысуына шектеу қойылуы да мүмкін. Кейбір мердігерлердің үстінен сотқа шағым жолданған. Осы орайда, қала тұрғындары үшін жағымды ақпаратпен бөлісе кеткенді де жөн көрдік. Келесі жылы облыс орталығында 33 ауланы ретке келтіру жоспарланып отыр. Қосымша 50 ойын алаңы мен 12 футбол алаңы және 4 баскетбол алаңы мен 2 әмбебап корт орнатылмақ. Бұл жұмыстарды жүргізуге қажет қаражат бөлінген. Ал, олардың сапасын әкімдік өкілдері мен тұрғындар қатаң бақылауда ұстайды.

Жиын барысында қала көшелерін, әсіресе шеткі аумақтарды жарықтандыру жайы да назардан тыс қалмады. Мәселен, Майқұдықта жақында №14 мектеп жаңадан ашылған болатын. Әйтсе де, оның аумағы күні бүгінге дейін жарықтандырылмаған. Қыс мезгілінде қараңғылық ерте түсетінін ескерсек, бұл оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Бұл мәселеге Қарағанды қаласы әкімінің міндетін атқаруы Мейрам Кожухов жауап берді. Оның айтуынша, ауданды абаттандыру мәселесі жоспарға енгізілген. Ал, жарық шамдары орнатылғанға дейін тұрғындар мен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешкі уақытта патрульдік полиция қызметкерлерінің санын арттыру көзделуде.

Қала орталығынан шалғайдағы аудандар мен көше мәселесі көтерілгенде Күнгей тұрғындары да өздерін толғандырған дүние ортаға салды. Бұл осы аумақтағы автокөлік жолдарының жайы мен қоғамдық көліктер санына қатысты. Тұрғындар қазір маршрутта жүрген автобустардың соңғы аялдамасын созып, Күнгей аумағына кіруін де талап етті. Әйтсе де, аймақ басшысы Ермағамбет Бөлекбаевтың айтуынша, бұл оңай шешіле салатын дүние емес екен.

  • Автобустардың барлығы бекітілген кестеге сай, арнайы уақытпен жүреді. Егер олардың бағытын Күнгейге бұрсақ, жүру кестесі бірнеше минутқа өзгереді. Ал, бұл дегеніміз соңғы аялдамаға жеткенше бірнше сағатқа дейін созылып кетуі мүмкін. Әлгінде атап өткенімдей, біз қазір қаладағы автопарктермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жаңа автобустар сатып алынады. Күнгейге де арнайы бөлек маршруттар енгізіледі. Сонымен қатар, жаңа жылда ұзындығы 45,2 км 25 автожолды орташа жөндеу және 110 мың шаршы метр жолды ағымдағы жөндеу көзделген. Пичугин көшесіндегі жол төсемі күрделі жөндеуден өтеді. Күнгей ш/а, Рабочий, Сахалин, ЖБИ кенттерінде ұзындығы 20 км жолды қырып, тегістеу жоспарланып отыр, — деген облыс әкімі алдағы уақытта Күнгейде жаңа мектеп бой көтеретінін де атап өтті. Мектептің салынуы шағын аудан тұрғындарының көптеген мәселесінің оңтайлы шешілуіне де ықпал етер еді.

Аймақ басшысы тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдар мен өтініштерді мұқият тыңдап, басқарма басшыларына барлық мәселелерді пысықтауды тапсырды. 2023 жылы ТКШ саласына, оның ішінде жылу электр станцияларының жағдайына көп көңіл бөлінетін болады.

Кездесу соңында Ермағамбет Бөлекбаев тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»