Түнгі төбелес соңы адам өліміне соқтырды
Қаламыздағы көңіл көтеру орындарының бірінде болған түнгі төбелес соңы адам өлімімен аяқталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді.
Оқиға 30 сәуір күні сағат түнгі 2:30 шамасында «ТEDD» көңіл көтеру орнының маңында болған. Қайғылы оқиғадан бір сағат бұрын тұрғындар полиция жасағын шақырған. Жергілікті тұрғындар аулада орналасқан түнгі мекеменің жабылуын бірнеше жыл бойы талап етіп келген. Бірақ ондағы жұрттың жанайқайын естір құлақ болмағандай. Бұл жолы да түн тыныштығы бұзылып, сол жерде жастар өзара жанжалдасып, соңы жұдырықтасуға ұласқан. 24 және 19 жастағы екі азамат арасында кикілжің туындаған. Арадағы жанжал кезінде 24 жастағы азамат соққы жасап, 19 жастағы жәбірленуші, жедел жәрдем келгенше, оқиға орынында қайтыс болған.
Қайтыс болған азамат жергілікті жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент екен. Ұстаздары мен достары оны тәрбиелі, білімге құштар және қоғамдық шараларға белсене араласатын азамат ретінде суреттейді. Жанжалдасқан екі азаматтың бұрыннан бас араздығы болыпты.
Сол маң жұртының айтуынша, бұл рестобар 2019 жылдан бері істеп тұр. Содан бері көп өтініш жазылған, түн ортасында талай төбелес пен шулы жанжал фактісі тіркелген. Бірақ бұл мекемеге қатысты шағым шусыз шешіліп отырған. Ауладағы бассыздық азаймайтынына көзі жеткен көптеген тұрғынның шарасыздықтан пәтерін сатып, қоныс ауыстыруына тура келген. Себебі бұл маңдағы түнгі көңіл көтеру мекемелері демалыс күндері таңғы 3-4-ке дейін, жұмыс күндері түнгі 1-2-ге дейін шулайды екен.
Негізі, бұл мекемені алғашында аулада монша ретінде салуға рұқсат етілген. Солай біраз жұмыс істеген. Одан кейін іскерлік мақсатын өзгерткен. Содан бастап мұндағы жұрттан маза қашқан. Көңіл көтеру орнында болған соңғы фактіге орай денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Патрульдық полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»