Тұманбай поэзиясына тағзым

Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл кеш оқушылардың әдебиет пен өнерге деген қызығушылығын арттырып, ұлттық руханиятқа деген құрметін айшықтай түсті.

Кешті 10-11-сынып оқушылары ұйымдастырып, ақынның өмірі мен шығармашылығына кеңінен шолу жасады. Әдебиетке деген сүйіспеншілікпен өрілген шара барысында оқушылар Тұманбай Молдағалиевтің жүрекке жақын жырларын оқып, ақын сөзіне жазылған танымал әндерді орындады. Сондай-ақ ақын шығармалары негізінде сахналық қойылымдар қойылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

– Бүгінгі кештің басты мақсаты – ақынның бай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттап, қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілікті арттыру. Жастарымызға ақынның өмірі мен шығармашылығы арқылы рухани байлықты сезіндіру – біздің басты міндетіміз, – деді гимназия директоры Салтанат Жүнісова.

Шара барысында мектеп оқушылары Тұманбай ақынның Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев сынды сазгерлермен бірігіп жазған, халықтың жүрегінен орын тапқан әндерін орындап, поэзия әлеміне саяхат жасады.

– Бұл кеш біз үшін ерекше әсерлі болды. Бұрын-соңды естімеген тың мәліметтерге қанық болдық. Ақынның өмір жолы мен шығармаларын сахналай отырып, қазақ поэзиясына деген құрметіміз арта түсті, – деді 11-сынып оқушысы Қарлығаш Тұрағұл.

Мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымы да тағылымды шараға белсене қатысып, жоғары бағасын берді. Кештің негізгі мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық әдебиеттің асыл мұрасын таныту, Тұманбай поэзиясындағы отансүйгіштік, адамгершілік пен махаббат тақырыптарын кеңінен насихаттау болды.

Осындай тәрбиелік мәні зор әдеби кештер өскелең ұрпақтың рухани дамуына тың серпін берері сөзсіз.

Ералы ҒАНИ,

«QH»