ТҰЛПАРДЫ ТҰЯҒЫНАН ТАНИТЫН ВЛАДИМИР

Қарағанды облысына қарасты Ошағанды ауылында Владимир Тауберт есімді неміс азаматы тұрады. Бір кезде ата-бабасы қазақ жеріне жер аударылып келген. Алайда ел етек-жеңін жиған соң, Владимир Германияға қайта көшіп барады. Бірақ, Қазақтың кең пейілі мен ұлан-ғайыр даласын сағынағн ол 4 жылдан кейін қазақ жеріне қайта қоныс аударыпты. Бүгінде жылқы баптап, мал өсіріп отыр.

Ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалмаса Владимрдің ісі бітпейді. Алты жасынан аттың бауырында өскен ол — тұлпарды тұяғынан таниды. Дәл осындай асылтұқымды 4 жылқысы бар. Пайда үшін емес, жанның рахаты үшін ұстаймын,-дейді. Қазақ пен тұлпарды егіз көреді. Өзінің де екі бірдей немересін 7 жасынан бастап атқа мінгізуді жоспарлап отыр. Өз кіндігінен шыққан жалғыз ұлы да жылқы десе ішкен асын жерге қоятын көрінеді. Германияға барған сәттен бастап ішқұста болып қалғанын айтады. Кейін ата-анасы жерленген қасиетті мекенге қайта оралуға бел буыпты. Германияда өткен 4 жылында өз елін, яғни қазақ даласын сағынғанын айтады.  «Германияда біз бір үйге қамалдық та қалдық. Еркіндік жоқ. «Өз үйім-өлең төсегім» дегенді сол кезде  ұқтым. Қазағымның жерінде өзімді еркін әрі рахат сезінемін. 4 жылға жуық уақыт тұрдық та, әйеліме елге қайтайық дедім. Оның да күткені сол екен, қуана келісті. Біз нағыз көшпенділер сияқты, жиналдық та көшіп кеттік»- деп еске алады Владимир Тауберт. Өзінен кейін жалғыз ұлы Станиславта елге қайта оралады.

Владимир ұл бала ат үстінде өссе, нағыз ер азаматқа тән қасиетті бойына сіңіріп өсеріне сенеді. Сондықтан асылтұқымды жылқыны қолында ұстап отыр. Ата жолын жалғау аса маңызды дейді ол. Өзінің туған ағасы Америкада тұрады екен. Ол да Қазақстанды сағынып жүрген көрінеді. Қазақтың шапанын сәлемдеме ретінде Германияға да, АҚШ-қа да іберіп тұрады екен. Бүгінгі күні ауылдың өркендеуіне өзі де қолғабыс етпек ниетте. Бүгінде жол бойындағы асханасы мен мал өсіріп, онға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Көбіне қуырдақ пен ет асады. Ал, жамандаған емес, Германияның ұлттық тағамдарын пісіруді ұмытып қалдым деп отыр. Алдағы уақытта Владимир ауылда қаңырап қалған тағы бірқатар нысандарды жөндеп, қонақ үй ашпақ. Бұл Владимирдің жарының сүйікті ісі екен. Владимирдің жары Германияны Ошағанды сынды шағын ғана ауылға алмастыруға не себеп болды деген сауалға  «Шынымды айтсам ішімде бір сағыныш тұрып алды. Германияның маған климаты да, ауасы да жақты. Бірақ, үйге қайтқым келді де тұрды. Барлық туыстарым сол жақта аң-таң болып қалды. Біз елге қайтамыз деп шештік. Германияға тек қонақ ретінде баруға болады, бірақ өмір сүру үшін Қазкақстан жақсы. Негізі қазақ даласында өткен қаншама неміс қайтадан елге оралғысы келеді. Бірақ, қайтиадан сіңсіп кете аламыз ба, екі қолға бір күрек табылар ма деген үрейден қорқады»- дейді.

Жалпы, Қазақстандағы бірлік пен береке әлемнің басқа еш бір елінде жоқ дейді олар. Сондықтан елді сүйіп, өзге мемлекеттермен тығыз байланыс орнату керек, алыс-беріс пен бизнесті дамыту керек деген пікірде. Тіпті Владимирдің өзі Қазақстанға келген бетте бірден азаматтықты да рәсімдеп алған.

Ошағанды ауылының іргесі 1908-ші жылы, неміс босқындары келе бастаған кезде құрылған. Ол кезде шағын елді мекен «Красный Кут» деп аталыпты.  Қазір ауылда 500-ге жуық түтін бар. Жақында көшелерге жарық шамдар тартылып, су құбыры салынған.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»