Тұлпар көш бастады

Қазақстан футзалының басты додасы ел чемпионатының жаңа маусымы шымылдығын түрді. Биылғы бәсекеге дәстүрлі мықтылармен бірге жаңадан қосылған ұжымдар да қатысып, жанкүйерлерге тартысты ойындар сыйлауда. Қарағанды өңірінің намысын бұл жолы тәжірибелі «Тұлпар» клубы мен бірінші лиганың жеңімпазы, жаңа маусымда жоғары лигада бақ сынап жатқан «Сарыарқа» (Биосфера) командасы қорғайтын болады.

Қарағандылық «Сарыарқа» алғашқы турда елдің көп жылғы чемпионы әрі футзал әлемінде өзіндік беделі бар «Қайратпен» кездесті. Алматыға қонаққа барған Павел Такудың шәкірттері бірден Еуропа төрінде өнер көрсеткен тәжірибелі қарсыласпен күш сынасты.

Алғашқы матчта жас команда жанкүйерлерін қуанта білді. Қарсыласқа лайықты қарсылық көрсеткенімен, соңғы минуттарда қателіктерге бой алдырған «Сарыарқа» 5:3 есебімен есе жіберді. Ал екінші күні өткен кездесуде «Қайраттың» тәжірибесі мен ойын өрнегі айқын көрініп, алматылықтар 5:1 есебімен жеңісті жолын жалғастырды. Осылайша жаңа маусымды жоғалтқан ұпаймен бастағанымен, «Сарыарқа» құрамасының алдағы ойындарда жинақталып, әлеуетін көрсететіні сөзсіз.

Ал Қарағандының мақтанышына айналған «Тұлпар» футзал клубы маусымның алғашқы турынан-ақ жанкүйерлерін шаттыққа бөледі. Әміржан Мұқанов жаттықтыратын команда Талдықорғанның «Жетісу» клубына қарсы ойын өткізді.

Алғашқы кездесуде алаң иелері қарсыласына еш мүмкіндік бермей, қақпаға жауапсыз жеті доп соғып, 7:0 есебімен ірі жеңіске жетті. Бұл нәтиже команда жанкүйерлерінің қуанышын еселей түсті. Екінші ойын да «Тұлпардың» толық үстемдігімен өтті. Қарағандылық футзалшылар тағы да сенімді ойын өрнегін көрсетіп, 5:1 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша екі ойында алты ұпай жинаған «Тұлпар» турнир кестесінің көш басына көтерілді. Доп айырмасы да қарағандылық клубтың пайдасына шешіліп, команда әзірге маусымның басты фавориттерінің бірі екенін дәлелдеп отыр.

Биылғы Қазақстан чемпионатына барлығы 12 команда қатысып жатыр. Әрбір ұжым маусым соңында ел чемпионы атану үшін барын салмақ. Маусым жаңа басталғанымен, алғашқы турдың өзі-ақ командалардың дайындық деңгейін аңғартты. Жанкүйерлерді алда әлі талай тартысты ойындар күтіп тұр.

Қарағанды футзалы үшін бұл маусым ерекше болмақ. Бір жағынан, жас әрі амбициялы «Сарыарқа» тәжірибе жинап, өз әлеуетін көрсетуге тырысса, екінші жағынан, талай жұлдызды тәрбиелеген «Тұлпар» қайтадан биікке ұмтылуда. Алдағы турлар Қазақстан футзалының даму деңгейін айқындап қана қоймай, ел чемпионатының нағыз қызығына айналары анық.

Ералы ҒАНИ,

«QH»