Түлектер тәжірибе бөлісті
Қарағандының NIS мектебін бітірген түлектердің жалпы саны мыңға жуықтап қалды. Олардың көпшілігі Қазақстанның, АҚШ-тың, Еуропа мен Азия елдерінің үздік университеттеріне түскен. Студенттер мақсатқа қалай жетуге болатыны жайлы тәжірибелерін бөлісті.
Түлектердің бірінші форумына қарағандылық NIS-те 60 адам жиналды. Олар оқушыларға кеңес берді.
Әліби Келісбеков – 2020 жылдың түлегі. Қазір ол Венгрияда Дебрецен университетінің азаматтық авиация факультетінің үшінші курсында оқиды.
– NIS-те оқу менің ортамды өзгертті. Бәсекелестік ортада білім алу мотивация мен оқуға деген ұмтылысты арттырады. Мен жай шетелде оқуды ғана емес, авиация туралы армандадым. Содан өзім қалаған университетке түстім. Қазірдің өзінде тәжірибем бар: 50 сағаттан астам ұштым, – деді Әліби. – Болашақ түлектерге кеңесім – армандаудан қорықпаңыздар! Өз білімдеріңізге сенімді болыңыздар. Сіздерді шынымен не қызықтыратынын түсінуге тырысыңыздар.
Ақмарал Дайрабай Назарбаев университетінің бірінші курсында оқиды. Оның пікірінше, зерттеу дағдыларын дамыту қажет.
– Барлық сабақта біз теорияға еніп қана қойған жоқпыз. Практикалық жұмыс көп болды. NIS инноваторлар мен көшбасшыларды тәрбиелейді. Мұның бәрін өмірде жүзеге асыру керек, – деп атап өтті студент.
Түлектер қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсу ерекшеліктері туралы айтып берді. Оқушылар өз жобаларын әр түрлі бағыт бойынша ұсынды, олар: ғылыми-зерттеу, білім беру, әлеуметтік және IT.