Түбіртек цифрға көшеді: қолайлылық па, әлде қолбайлау ма?

2026 жылдан бастап коммуналдық қызметтерге қатысты қағаз түбіртектер таратылмайды. Бұл ақпарат соңғы күндері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшіліктің алаңдаушылығын тудырды. Бірыңғай есептеу орталығы (БЕО) аталған өзгерісті ресми түрде растады. Электронды форматқа көшу алдағы жаңа жылдан басталады. Дегенмен, қағаз құжатқа үйренген тұрғындар үшін балама мүмкіндік сақталмақ.

БЕО өкілдерінің мәліметінше, коммуналдық төлемдерге қатысты барлық түбіртек электронды түрде ұсынылады. Бұл қадам қызметтерді басқаруды жеңілдету әрі заманауи цифрлық жүйеге көшу мақсатында қабылданған. Енді тұрғындар өз есеп-шоттарын erc.kz сайты арқылы көре алады. Ол үшін жеке есепшот нөмірін немесе мекенжайды енгізу жеткілікті. Қалыпты түбіртек PDF форматында қолжетімді болып, қажет болған жағдайда басып шығаруға мүмкіндік бар.

Алайда тұрғындардың барлығы бұл жаңашылдықты бірдей қабылдап отырған жоқ. Қарағанды қаласының тұрғыны Татьяна Иванова үшін қағаз түбіртек – үйреншікті әрі ыңғайлы жүйе.

– Мен төлеймін, түбіртекті әкеледі, келіп осында төлеймін. Маған бұл ыңғайлы. Әрине, күтпеген жаңалық, бірақ қазір заман күн сайын өзгеріп жатыр, – дейді ол.

Ең үлкен қиындық егде жастағы тұрғындарға тиуі мүмкін. Олардың көбі смартфон мен интернетті пайдалануға бейім емес. Осыған байланысты цифрландырудың қолжетімділігіне қатысты сұрақтар туындап отыр. Қала тұрғыны Галина Небыкова бұл өзгерістің өзі үшін қолайсыз екенін жасырмады.

– Мен үшін ыңғайсыз. Бұрын әкеліп беретін. Қазір барып төлеймін. Сенсорлы телефоным жоқ, кейде көршілерден көмек сұрауға тура келеді, – дейді ол.

БЕО қызметкерлері мұндай азаматтарға өтініш толтыру және кеңес беру жағынан көмек көрсетуге дайын екендерін айтқан. Қағаз түбіртекті алуды жалғастырғысы келетіндер Ерубаев көшесі, 44/2 мекенжайына барып, арнайы өтініш жаза алады. Ол үшін үй иесінің жеке куәлігі мен жылжымайтын мүліктің кадастрлық нөмірі қажет.

Мамандардың айтуынша, қағаз түбіртектен бас тарту – үлкен қаржылық үнем. Себебі компаниялар ай сайын қағазға басып шығару, тарату және қызметкерлердің жалақысына қомақты қаржы жұмсайды. Бұл шығындар түптеп келгенде коммуналдық тарифтердің құрамына еніп, тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді.

Дегенмен, қағаз құжаттардан бас тарту коммуналдық қызметтердің бағасын шынымен арзандата ма, әлде бұл тек цифрландырудың кезекті қадамы ғана ма – бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр. Ал тұрғындар үшін ең бастысы – жаңа жүйенің баршаға бірдей қолжетімді әрі түсінікті болуы.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»